Жыл санап Атырау облысындағы орман қоры молайып келеді. Тек биылдың өзінде көктем маусымында Соколок өзегінің бойындағы жалпы ұзындығы 40 гектар алқапта 70 мың түп ағаш көшеті отырғызылды. Осылайша, бес жылда өңірдегі жас өскіннің санын 5 миллион данаға жеткізу жоспарланған.
Осы шаруамен шұғылданып жатқан орман тұқымбағы мамандарының мәліметінше, мұнда негізінен жергілікті климаттық жағдайға бейімделген ағаш көшеттері отырғызылады. Мәселен, осында агроном болып қызмет атқаратын Марат Жарылғасовтың айтуынша, күзде отырғызылған тұқымдық материал топырақты жақсы жерсініп, ойдағыдай бой алып кететін көрінеді. Ал екі жылдан соң оларды табиғи ортаға көшіруге болады. Климаттық ахуалдың құрғақшылығы мен жаз айларында топырақ қабатында ылғалдың шамадан тыс төмен болуына байланысты көбінесе сырттан әкелінген көшеттер өліп қалады. Соны ескерген мамандар тұқымды өңірдің өзінде немесе арнаулы бақта дайындауды дағдыға айналдырған. Бұл нәтижесіз де емес, оң өзгерісін беріп отыр.
Әрине, қиындықтар мен кедергілердің кездесетінін де орманшылар жасырған жоқ. Мысалы, 2024 жылғы көктемгі су тасқыны салдарынан 200 гектар алқапты су шайып, 360 мың түп өскін су астында қалған. Соған қарамастан, шаруашылық еңбеккерлері бүгінде бүлінгенді қалпына келтіріп, мүмкіндігінше орман қорын молайтуға күш салып келеді. Сөйтіп, бес жылда оның жалпы ауданын 700 гектарға жеткізуді межелеген.
Бүгінде облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қарамағында 8 мың 300 гектар орман қоры бар екен. Оның 2600 гектардан астамы – Соколок өзегінің бойында. Мемлекеттік бағдарлама аясында олар 5 жылда 700 гектар алқапқа қосымша жасыл белдеу жасақтауы тиіс.
* Сіз не дейсіз?
Өркен ҚАПАНОВ,
облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы «Атырау орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ директоры:
– Күні бүгінге мекеменің күшімен 40 гектар алқапты игеріп, көшет санын 70 мыңға жеткіздік. Күзде тағы 60 гектар алқапқа жететін тұқымдық материал дайындауды жоспарлап отырмыз. Сонда жалпы ауданы 100 гектар алқап игерілуі тиіс. Ұжымда 40-қа жуық адам еңбек етеді. Барлық жұмыс солардың күшімен жүзеге асырылады. Облыс бойынша қазір орман қоры 56 мың гектардан астам. «Жасыл белдеу» мемлекеттік бағдарламасы аясында орманшылар көктемгі-күзгі кезеңде 210 мың түп көшет отырғызуды ойластырып отыр. Сөйтіп 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 5 миллионға жеткізу межеленді.
Дәулетқали АРУЕВ



