Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен жиын өтіп, онда жолаушылар тасымалының жағдайы талқыланды.
Өңір басшысы мемлекеттік субсидия жыл сайын өсіп келе жатқанына қарамастан, өңір тұрғындарының қызмет сапасына шағымы азаймай отырғанын атап өтті.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, облыста 12 мамандандырылған ұйым 91 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Қоғамдық көлікке бөлінетін субсидия көлемі артып келеді. Биыл облысішілік тасымалға 1,56 млрд теңге қарастырылған, былтыр ол 1,51 млрд теңге көлемінде болған. Өсімге желінің кеңеюі, жүргізушілер санының көбеюі және экплуатация шығындарының артуы әсер еткен.
Жиында көліктің цифрлық мониторингі мәселесі де қаралды. Қолданыстағы “Автобус” жүйесі қозғалыс пен жолаушылар легін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді, алайда оның әлеуеті әлі де болса толық пайдаланылмай отыр.
— Біз бюджеттің миллиардтаған теңгесі жайында айтып отырмыз, ал есепті әлі күнге дейін қолмен жүргіземіз. “Автобус” жүйесін одан әрі жетілдіріп, толықтай цифрлық бақылауға көшуіміз қажет, — деді облыс әкімі.
Болат Ақшолақов таяу арада инватакси қызметіне пилоттық режимде цифрлық шешімдер енгізуді тапсырды.
Жиын қорытындысы бойынша ведомстволарға тасымалдаушылардың қызметіне бақылауды күшейту, бюджет қаржысының жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз ету жүктелді.



