Жаңа оқу жылы басталысымен ауданымызда кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Осы мақсатта республика көлемінде өткізілген «Назар аударыңыз, балалар!» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында аудан аумағында бір ай бойы кешенді шаралар ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және ата-аналардың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігін арттыру. Профилактикалық жұмыстарға барлығы 32 қызметкер жұмылдырылып, балалар мен жасөспірімдер көп шоғырланатын демалыс орындары, ойын-сауық мекемелері, компьютерлік клубтар және басқа да нысандар бақылауға алынды. Сонымен қатар түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген кәмелетке толмағандарды анықтауға бағытталған рейдтік жұмыстар жүргізілді. Жүргізілген іс-шаралар барысында аудандық полиция бөліміне 64 жасөспірім жеткізілді. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 2, 3-бөліктері бойынша кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде болуына байланысты 57 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Сонымен қатар ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындауына да назар аударылды. Осы бағытта ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша 5 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама рәсімделді. Ал қоғамдық тыныштықты бұзу фактілері бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабына сәйкес 2 хаттама толтырылды. Аталған көрсеткіштер жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыру мен олардың жүріс-тұрысына бақылау жасаудың маңыздылығын көрсетеді. Әсіресе түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың қараусыз жүруі олардың түрлі қауіп-қатерге тап болуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан мұндай фактілердің алдын алу – профилактикалық жұмыстың негізгі бағыттарының бірі.
- Бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ата-ананың жауапкершілігі ерекше. Кәмелетке толмаған баланың қайда жүргенін, кіммен араласатынын және бос уақытын қалай өткізетінін білу – ата-ананың негізгі міндеттерінің бірі. Әсіресе жасөспірімдік кезеңде балаға бақылау жасау ғана емес, оның жан дүниесіне түсіністікпен қарап, өзара сенім қалыптастыру маңызды. Бұл ретте ата-ананың баламен жиі сөйлесуі, оның қызығушылығы мен ортасына назар аударуы оң нәтиже береді. Жасөспірім өз мәселесін ата-анасына ашық айта алатын жағдайда болуы керек. Өйткені бала қандай да бір қиындыққа тап болған кезде оны жасырмай, үлкендерден көмек сұрауы оның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі. Қазіргі таңда балалардың қауіпсіздігі тек көшедегі немесе қоғамдық орындардағы тәртіппен шектелмейді. Жасөспірімдердің күнделікті өмірінде интернет пен әлеуметтік желілердің алатын орны артып келеді. Виртуалды ортада да бала түрлі қауіпке тап болуы мүмкін. Сондықтан ата-ана баласының интернетті қалай пайдаланатынына, қандай ақпаратқа қызығатынына және әлеуметтік желіде кімдермен қарым-қатынас жасайтынына назар аударғаны жөн. Әрине, бұл баланың жеке кеңістігін шектеу дегенді білдірмейді. Керісінше, интернетті қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыру, күмәнді ақпараттан сақтану, бейтаныс адамдармен қарым-қатынаста абай болу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Мұндай әңгімелер балаға қысым көрсету түрінде емес, оның қауіпсіздігін ойлайтын ата-ананың қамқорлығы ретінде жүргізілгені дұрыс. Баланың қауіпсіз ортасын қалыптастыруда мектеп пен ата-ананың өзара байланысы да маңызды. Баланың сабаққа қатысуы, мектептегі тәртібі, сыныптастарымен қарым-қатынасы және бос уақытын қалай өткізетініне қатысты мәселелер дер кезінде назарға алынған жағдайда көптеген келеңсіздіктің алдын алуға болады. Осы ретте мұғалімдер мен ата-аналардың бір-бірімен тұрақты байланыста болуы бала тәрбиесіне оң әсерін тигізеді,-деді аудандық полиция басқарма бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Арман Нәсіпкерей.
Профилактикалық іс-шара барысында полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау, қауіпсіздік ережелерін орындау және құқықтық жауапкершілік мәселелері бойынша түсінік берді. Құқықтық сауаттылықтың бала өміріндегі маңызы зор. Өзінің қандай құқықтары бар екенін және қандай міндеттер жүктелетінін білетін жасөспірім белгілі бір жағдайда дұрыс шешім қабылдауға бейім болады. Сонымен қатар құқық бұзушылық жасаған жағдайда оның заң алдында жауап беретінін түсінуі де маңызды. Құқықтық тәрбие жұмыстары мектеп қабырғасында ғана емес, отбасы мен қоғамдық ортада да жүйелі түрде жүргізілуі қажет.
2026 жылы елімізде «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» қағидатын іске асыруға басымдық беріліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі мақсаты – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру. Баланың қауіпсіздігі отбасы, білім беру ұйымдары, полиция және жалпы қоғам болып бірлесе атқаратын ортақ жұмыс. Әр тарап өз міндетіне жауапкершілікпен қарағанда ғана жасөспірім үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік бар. Баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне қатысты мәселені тек құқық бұзушылық орын алған кезде көтеру жеткіліксіз. Профилактиканың басты мәні мәселе туындамай тұрып оның алдын алу. Осы тұрғыдан алғанда полиция қызметкерлерінің рейдтік жұмыстармен қатар түсіндіру шараларын жүргізуі де маңызды. Жасөспірімнің қауіпсіздігіне қатысты әрбір жағдайға немқұрайлы қарамау қажет. Себебі кейде үлкен мәселелердің алдын алуға дер кезінде айтылған бір ескерту, ата-анамен болған бір әңгіме немесе баланың мәселесіне уақытында назар аударудың өзі жеткілікті болуы мүмкін. Сондықтан әрбір ата-ана баласының тәрбиесі мен жүріс-тұрысына тұрақты түрде назар аударып, оның қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Ал мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдары тарапынан жүргізілетін профилактикалық жұмыстар осы жауапкершілікті толықтырып, қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
А.Ерденқызы



