Көктемнің ең жарқын әрі мәні зор мерекелерінің бірі – Наурыз мейрамы қарсаңында ауданымызда «НаурызFEST» онкүндігі кеңінен аталып өтуде. Бұл күндері ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрлерді насихаттау және қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайту мақсатында түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Биыл «НаурызFEST» онкүндігі республикалық референдум өткізілетін күнмен тұспа-тұс келіп, мерекелік көңіл-күй мен маңызды қоғамдық-саяси оқиғаны өзара үйлестіре түсті. 15 наурыз күні Наурыз мерекесін алғашқылардың бірі болып атап өткен Жаңа Қаратон кентінде «Жақсылық жаса, жыл бойы жарқын бол» атты қайырымдылық шарасы өтті.
Кент әкімдігі мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бірлесе отырып, қарттар мен көп балалы отбасыларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлеріне барып, ізгі тілектерін жеткізді. Әр отбасына азық-түлік пен гүл шоғын табыстап, құттықтау хаттарын ұсынды. Ардагерлер ақ батасын беріп, өсиет-тілектерін арнады. 16 наурызда Тұрғызба ауылдық мәдениет үйінде «Берекелі шаңырақ -ұлт тірегі» атты мәдени кеш өтті. Ұлттық салт-дәстүрлер мен отбасы тәрбиесінің маңызы көріністер, бесікке салу және тұсаукесер рәсімдері арқылы насихатталды. Балғымбаевтар мен Оңайбаевтар отбасылары үлгілі жанұя ретінде марапатталып, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды. Балғымбаевтар шаңырағында егіз қыздар Айназ бен Аруназдың тұсауы кесіліп, ал Оңайбаевтар отбасында кішкентай Ерасылға бесікке салу рәсімі өткізілді.
Жем ауылының тұрғындары дәстүрлі ән-жырмен кешті сәндендірді. 17 наурыз күні Шоқпартоғай мәдениет үйінде «Дәстүр ұлттың рухани коды» атты кеш өтті. Шараға Қара Арна ауылдық округінің мекемелері мен тұрғындары қатысты. Этно-театрландырылған көріністер арқылы ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлер жаңғыртылып, ұлттық құндылықтар насихатталды. Екінші бөлімде ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылып, қазақы дастархан мәдениеті таныстырылды. Қатысушылар алғысқа ие болды, белсенділер марапатталды. Әр ауылдық округ өзіне берілген күндер мен іс-шараларды ұйымдастырып, Наурыз мерекесінің мазмұнды әрі әсерлі өтуін қамтамасыз етуде.
Айта кету керек, «НаурызFEST» онкүндігі 5 ауылдық округ, 1 кент аумағында кезең-кезеңімен өткізіліп, 22 наурыз Ұлыстың Ұлы күні ауданымыздағы орталық алаңында өтетін гала-концертпен аяқталатын болады. Ал 23 наурыз күні «Тазару күні» аясында сенбілік ұйымдастырылып, аула мен қоғамдық орындар тазаланады.
А.Ерденқызы



