Мәртебелі міндет

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні. Бұл кәсіби мереке елімізде 2014 жылдан бері аталып келеді. Мемлекеттік қызмет – елдің дамуы мен өркендеуіне бағытталған жауапты сала. Халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған мемлекеттік қызметшілердің еңбегі қашанда құрметке лайық. Осындай абыройлы міндетті адал атқарып жүрген жандардың бірі – Гүлназ Асылбекқызы. Ол бүгінде Құлсары қаласы әкімінің аппаратында бас маман қызметін атқарады. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын маман қызмет барысында кәсібилігімен, іскерлігімен және еңбекқорлығымен ерекшеленіп келеді.

Гүлназ Зағипарова 1992 жылы 28 қарашада Құлсары қаласында дүниеге келген. 2011 жылы Құлсары қаласындағы М. Сатыбалдиев атындағы №18 мектепті тәмамдап, Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне «Қаржы» мамандығы бойынша мемлекеттік білім гранты негізінде оқуға түседі. Университет қабырғасында ол қаржы, экономика және басқару салалары бойынша терең теориялық білім алып, кәсіби біліктілігін қалыптастырады. Алғашқы еңбек жолын 2015 жылы Астана қаласында банк саласында бастайды. Бұл кезеңде ол қаржы ұйымының жұмыс ерекшеліктерін меңгеріп, клиенттермен жұмыс жүргізу, құжат айналымын реттеу және жауапкершілікті арттыру бағытында тәжірибе жинақтайды. Сөйтіп 2017 жылы ол туған жерге оралып, Құлсары қаласы әкімінің аппаратында бас маман лауазымына мемлекеттік қызметке қабылданады. Міне, алты жылдан астам уақыт бойы осы салада үздіксіз еңбек етіп келеді.

Қазіргі таңда Гүлназ Асылбекқызы электрондық құжат айналымы жүйесі бойынша жауапты маман ретінде еңбек етіп жүр. Ол жергілікті атқарушы органдардан келіп түсетін барлық құжаттар мен хат-хабарларды саралап, тиісті жауаптардың уақытылы әзірленуі мен жолдануын қатаң бақылауда ұстайды. Сонымен қатар қоғамдастық бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруға да белсене атсалысады. Басшылық тарапынан берілетін тапсырмалардың, оның ішінде хаттамалық шешімдер мен ресми хаттардың орындалуын бақылап, олардың мерзімінде әрі сапалы атқарылуын қамтамасыз етеді. Жас маман ономастикалық комиссия отырыстарына қажетті құжаттарды дайындап, «Е-өтініш» электрондық ақпараттық жүйесі арқылы келіп түскен өтініштердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қадағалайды. Сондай-ақ әрбір өтініш бойынша тіркеу карточкаларына тиісті деректерді енгізіп, жүйелі есеп жүргізеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдағы құжат айналымында тілдік арақатынастың сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіп, тоқсан сайын тиісті есептерді әзірлеу жұмыстарымен де айналысады.

 –Мемлекеттік қызметке келудегі негізгі мақсатым – өз білімім мен тәжірибемді ел игілігіне жұмсап, қоғамның дамуына үлес қосу. Әрине мемлекеттік қызметкер болу оңай емес. Өйткені бұл салада ең алдымен адал, жауапты және кәсіби біліктілік болуы керек. Сонымен қатар заңдылық қағидаттарын сақтап, халықпен тиімді қарым-қатынас жасай білуі қажет. Мемлекет пен қоғамның мүддесіне қызмет ететін маман әдептілік, бастамашылдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстанымы берік болғаны маңызды- деді жас маман.

Кейіпкеріміз халықпен жұмыс істеуде ең алдымен заңдылық, ашықтық, әділдік және әдептілік қағидаттарын ұстанатынын айтады. Өйткені әр азаматқа құрметпен қарап, оның мәселесін мұқият тыңдап, заң аясында түсінікті әрі нақты ақпарат беруге қолұшын созады. Сондай-ақ қызметтік этиканы сақтап, азаматтардың өтініштеріне жауапкершілікпен қарауды маңызды деп есептейді. Осы тұста ол мемлекеттік қызметке келгісі келетін келетін жастарға ең алдымен өз білімдері мен кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіруге кеңес береді. Сонымен қатар жауапкершілік, адалдық және халыққа қызмет ету қағидаттарын басты орынға қою қажет екенін айтады. Себебі мемлекеттік қызмет – тек мансап емес, ол қоғам мен мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан жастар өз жұмысына ұқыптылықпен қарап, заң талаптарын сақтап, үнемі дамуға ұмтылуы керек дейді өз ойын жеткізіп.

–Өздеріңіз білесіздер, 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні. Мемлекеттік қызметші күні мен үшін – халыққа қызмет етудің маңыздылығын, мемлекет алдындағы жауапкершілікті және кәсіби міндеттерді адал атқарудың мәнін айқындайтын ерекше күн. Бұл күн мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне құрмет көрсетіп, олардың қоғамның дамуына қосқан үлесін бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өз қызметіне деген жауапкершілікті арттырып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етуге үлкен серпін береді –дейді Гүлназ Асылбекқызы.

Жас маман алдағы уақытта өз саласы бойынша кәсіби біліктілігін арттырып, тәжірибесін жетілдіруді көздейді. Ол мемлекеттік қызмет аясындағы жауапты міндеттерді сапалы орындап, азаматтарға тиімді әрі ашық қызмет көрсетуге өз үлесін қосуды мақсат етеді. Сонымен қатар басқарушылық және аналитикалық дағдыларын дамытып, қызметтік тұрғыда кәсіби өсуге қол жеткізуді жоспарлап отыр.

А. Мейрамбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT