Мәреге жетудің өзі – жеңіс

Ауданда мүгедектігі бар азаматтардың мәселесін көтеріп, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға ұзақ жыл еңбек еткен, «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының мүшесі болған Қайрат Еңсеповті еске алуға арналған облыстық пара-марафон өтті. Инклюзивті спорттық шара ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қоғамнан оқшауламай, керісінше олардың өмірге белсенді араласуын мақсат етіп, мұнда 30-ға жуық спортшы бақ сынасты.

Қайрат Еңсеповтің ғұмырының соңына дейінгі негізгі бағыттарының бірі – ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғамдағы орнын қалыптастыру, олардың мәселесін тиісті деңгейде көтеру және әлеуметтік ортадан шет қалмауына ықпал ету еді. Өткен жылы өмірден озған азаматтың артында атқарған игі істері мен бастамалары, жұртқа жасаған жақсылығы қалды. Ал кешегі өткен пара-марафон оның есімін ұлықтаумен қатар, инклюзивті додалардың көбеюін мақсат етті. Марафон ерлер мен әйелдер арасында 400, 3200 және 7200 метр қашықтықтар бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылардың физикалық мүмкіндіктері мен мүгедектік ерекшеліктері ескеріліп, жарыс талаптары соған сәйкес белгіленді. Жарыстың ерекшелігі де осында. Мұнда басты мақсат – біреуді басып озу немесе бірінші болып мәреге жету ғана емес. Қатысушының өз мүмкіндігін сынап, белгіленген қашықтықты бағындыруының өзі үлкен жеңіс деп бағаланды. Сондықтан мұнда жас шектеу қойылмай, мектеп оқушысынан ересектерге дейін сынға түсті. Жарыс туралы «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының мүшесі Дәурен Жәрдемов:

- Спорт арқылы адам өзіне деген сенімін арттырады. Ал мұндай жарыстар сол сенімді қалыптастырып қана қоймай, қатысушыларға жаңа орта тауып, өзгелермен тәжірибе алмасуға жол ашады. Құлсары қаласында мұндай марафон алғаш рет ұйымдастырылып тұр. Оның үстіне бәсеке облыстық деңгейде өтуде. Марафонға қатысатын 20-ға жуық спортшы арнайы Атырау қаласынан келді. Оларға жол да, басқасы да сылтау емес. Олардың ойы жеңіске жету емес, ортадан қалмау, салауатты өмір салтын берік ұстану. Алдағы уақытта ауданда тағы да өткізу жоспарда бар. Өйткені сұраныс күн санап артып келеді,-дейді өз сөзінде.

Облыстық додаға жылыойлық марафоншы, кейінгі кезде жастар арасында есімі жиі аталып жүрген белсенді жас – Бейбарыс Сәндібекұлы да қатысты. Бұл оның төртінші жарысы. Бұған дейінгі сайыстарда жүлделі орындардан көрінген спортшы алғаш қатысқан марафонын еске түсіріп, мәреге ең соңғы болып жеткенін де жасырмады. Алайда уақыт өте келе жаттығып, нәтижесін жақсартқан. Оның айтуынша, осындай спорттық шаралардың жиі ұйымдастырылуы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үлкен мотивация береді. «Әсіресе облыстық деңгейдегі жарыстың өз ауданымызда өтуі жергілікті спортшылар үшін аса маңызды және қолайлы» дейді бұл туралы өзі де.

Иә, «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры бұл бағыттағы жұмыстарды бірнеше жылдан бері жүйелі түрде жүргізіп келеді. Ұйым «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен 2021 жылдан бері мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған «Тиімді оңалту», «Кедергісіз Атырау», «Талшын» инклюзивті театры секілді бірқатар әлеуметтік жобаны жүзеге асырып келеді. Қор жетекшісі Гүлназ Қосмурзиеваның сөзінше алғашқы пара-марафон өткен жылы Атырау қаласында ұйымдастырылған. Жобаға қатысушылардың қызығушылығы артып, инклюзивті жүгіру мәдениетін дамытуға деген сұраныс та көбейген. Расында, соңғы жылдары инклюзия ұғымы қоғам өмірінің түрлі саласында кеңінен көрініс тауып келеді. Бұл тек пандус орнату немесе ғимаратқа кедергісіз кіру мүмкіндігін қамтамасыз етумен шектелмейтін ұғым. Нағыз инклюзия – әр адамның қоғам өміріне араласуына, білім алуына, еңбек етуіне, спортпен айналысуына және өз қабілетін көрсетуіне мүмкіндік беру.

Д.ДЕРБІС

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT