Мерейі үстем отбасы

Ауданымыздағы Оспановтар әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде Бас жүлдені жеңіп алып, Атырау облысының атынан республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл отбасы құндылығын алға тартып, ұрпақ тәрбиесін өмірінің өзегіне айналдырған жанұяның еңбегіне берілген лайықты баға десек артық айтқандық болмас. Отбасы – қоғамның ең кіші бөлшегі болғанымен, оның тәрбиесі мен тағылымы тұтас елдің болашағына әсер етеді.

Әке мен ананың өнегесі, үлкенге деген құрмет, кішіге деген ізет, ағайын арасындағы ауызбіршілік ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын асыл қасиеттер. Осы құндылықтарды берік ұстанып келе жатқан Оспановтар әулеті бүгінде көпке үлгі болып отыр. Олар таяуда ғана Атырау қаласында өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде Бас жүлдеге ие болды. Жеңімпаздарды облыс әкімі Б.Ақшолақовтың өзі арнайы марапаттап, өнегелі отбасыларға құрмет көрсетті. Осылайша Жылыойдың атын облыс көлемінде танытқан әулет енді республикалық додада Атырау облысының намысын қорғайтын болады.

Оспановтар отбасының басты ерекшелігі – отбасы мүшелерінің өзара сыйластығы мен үлкенге құрметті өмірлік ұстаным етуінде. Әулетте 90 жастан асқан ақ жаулықты анасының орны айрықша. Жасы тоқсаннан асса да, балалары үшін отбасының ақылшысы, шаңырақтың ұйытқысы болып отырған ана бүгінде әулеттің берекесін ұстап отырған аяулы жан. Мұны отбасының қоғамдық өмірге араласуынан да аңғаруға болады. Өйткені отбасының барлық мүшесінің бірге жүруі – олардың бірлігін ғана емес, ел өміріне деген азаматтық көзқарасын да көрсетеді. Қазіргі таңда бүтін бір әулеттің тізгінін ұстаушы Мұхтар Ахайұлының айтуынша, әкесі 67 жасында дүниеден өткен. Содан бері анасы отбасының ақылшысы әрі бағыт берушісі болып, балаларының басын қосып, әулеттің ынтымағын сақтап отыр. Ол бұл туралы:

 - 94-тегі анамыз бар. Бізге ақылын айтып отыратын осы кісі. Үлкен кісінің батасын алып, ақылын тыңдап өскен баланың жолы әрдайым ашық болады деп ойлаймын. Отбасында үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеу – біздің басты ұстанымымыз. Балаларымызға да осы тәрбиені беріп келеміз. Бәріміздің басымыз қосылып, бір-бірімізге қолдау көрсетіп отырғанымыздың өзі – біз үшін үлкен бақыт. Отбасы деген – тек бір шаңырақтың астында тұру емес, бір-біріңе сүйеу болып, қуанышыңды да, қиындығыңды да бірге бөлісу. Осы бірлігімізден айырылмай, кейінгі ұрпаққа жақсы тәрбие қалдырсақ, одан асқан мұра жоқ,-дейді отбасы мүшесі.

 Әрине, бұл сөздің астарында қазақы тәрбиенің тұтас бір үлгісі жатыр. Үлкенді ортаға алып, оның батасын алу, маңызды іске бірге бару, ұрпақты ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыру – халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрі. Оспановтар әулеті осы дәстүрді бүгінгі заманмен сабақтастыра отырып жалғастырып келеді. «Мерейлі отбасы» байқауының негізгі мақсаты да осындай өнегелі жанұялардың үлгісін көпшілікке таныту еді. Себебі отбасының беріктігі тек тұрмыстық жағдаймен немесе отбасы мүшелерінің санымен өлшенбейді. Оның негізінде өзара сыйластық, жауапкершілік, еңбекқорлық, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық секілді қасиеттер жатыр. Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT