Мерейді арттырған тарту

Құлсары қаласының 25 жылдығына орай тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар маңызды іс-шара жүзеге асырылды. Мерейтой қарсаңында кезекте тұрған отбасыларға жаңа баспаналардың кілті табысталып, «Жылыой Тазалық» мекемесіне жаңа арнаулы коммуналдық техникалар берілді.

Салтанатты шараға аудан әкімі Жұмабек Қаражанов қатысып, жаңа баспанаға ие болған отбасыларды құттықтады. Көптен күткен баспаналарына қол жеткізген тұрғындарға үй кілттерін табыстаған аудан әкімі тұрғындарды тұрғын үймен қамту әкімдік тарапынан жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар Елорда күні қарсаңында қаламыздың 31 тұрғынына жаңа баспананың кілті табысталған еді.

Тұрғындарды баспанамен қамту – жергілікті атқарушы органның басты міндеттерінің бірі. Мерейтой аясында коммуналдық саладағы материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстары да жүзеге асырылды. Қаланың санитарлық тазалығы мен абаттандырылуын қамтамасыз ететін «Жылыой Тазалық» мекемесіне 9 жаңа арнаулы техника табысталды. Жалпы құны 324 миллион теңгені құрайтын техникалар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» мен «Жасыл Даму» АҚ қолдауымен лизинг және кредиттік қаржыландыру арқылы сатып алынған. Жаңа техникалардың қолданысқа берілуі тұрмыстық қалдықтарды уақытылы жинау және шығару, көшелерді санитарлық тазалау, абаттандыру жұмыстарын жүргізу бағытындағы коммуналдық қызметтің мүмкіндігін арттырады. Сонымен қатар аталған жобаны іске асыруға қолдау көрсеткені үшін «Жасыл Даму» АҚ басшысы Е.Сәрсенбай аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Аталған жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасын іске асыру аясында жүзеге асырылуда.

Елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру – аудан бойынша тұрақты назарда тұрған бағыттардың бірі.

 - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларын орындау және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру – ауданымыз үшін басым бағыттардың бірі. Көріп отырғандарыңыздай, ауданымыздағы мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгін соның бір айғағы ретінде ауданымыз бен елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ететін «Жылыой Тазалық» мекемесіне жаңа арнайы коммуналдық техникаларды табыстап отырмыз. Бұл техникалар қаламыздың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Жаңа техникалардың қолданысқа берілуі – коммуналдық қызметтің материалдық-техникалық мүмкіндігін арттырып, көшелерді, қоғамдық орындар мен аулаларды таза ұстауға жағдай жасайды,-деді аудан әкімі.

 Құлсары қаласының 25 жылдық мерейтойы аясында жүзеге асқан бұл жұмыстар тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу, тұрмыс сапасын арттыру және қаланың инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы шаралардың жалғасы болып отыр. Әлеуметтік маңызы бар нысандарды дамыту, тұрғындарды баспанамен қамту, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және коммуналдық қызметтердің материалдық-техникалық мүмкіндігін арттыру – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі міндеттердің бірі. Мерейтой қарсаңында жүзеге асырылған осындай нақты жұмыстар қаланың одан әрі дамуына және тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.

 А.Ерденқызы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT