«Менің жанұям» сайысы өтті 

Халықаралық отбасы күніне орай аудан көлемінде «Менің жанұям» атты жас отбасылар арасында спорттық сайыс ұйымдастырылды. Тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор шараға аудан, қала және ауылдық округтерден келген 12 команда қатысып, өзара бақ сынады. Мақсат – ата-ана мен бала арасындағы сыйластық пен сенімді нығайтып, отбасылық бірлікті бекемдеу, жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау. 

 Эстафеталық форматта өткен жарысқа әр отбасы төрт адамнан құралған командамен қатысты. Қатысушылар бес кезең бойынша сынға түсіп, ептілік пен шапшаңдықтарын ғана емес, ұйымшылдықтары мен татулықтарын да көрсетті. Әсіресе ата-аналар мен балалардың бір мақсат жолында күш біріктіріп, бір-біріне қолдау көрсетуі көрермендердің ыстық ықыласына бөледі.

Сонымен қатар сайыс барысында командалар түрлі спорттық тапсырмаларды орындап, жылдамдық пен дәлдікті талап ететін кезеңдерден сүрінбей өтті. Бұдан бөлек қатысушылар отбасы тәрбиесі мен ұлттық құндылықтар қатысты танымдық сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін де ортаға салды. 

 Көңілді әрі тартысқа толы өткен додада жас отбасылар белсенділік танытып, көрермендерге ерекше көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Балалардың шат күлкісі мен ата-аналардың жеңіске деген жігері жарыстың шырайын аша түсті. Осындай игі бастамалар отбасы арасындағы сыйластықты арттырып қана қоймай, жас ұрпақтың бойына спортқа деген сүйіспеншілік пен ұлттық тәрбиені қалыптастыруға зор ықпал етінін айтады мамандар.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, қатысушылардың ата-аналары 25-30 жас аралығын қамтыса, балалардың жасы 6 мен 18 жас аралығында болды. Жас отбасылар әр кезеңде бар күш-жігерін салып, өзара ауызбіршілік пен белсенділіктің үлгісін көрсетті. Ұйымдастырушылар мұндай отбасылық жарыстарды алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.

 Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Мақат ауданынан келген Оңайбаевтар отбасы жеңіп алды. ІІ орын Жылыой ауданының Кереевтер отбасына бұйырса, ІІІ орынды Қызылқоға ауданынан қатысқан Нұралиевтер отбасы иеленді. Жеңімпаздар арнайы алғыс хаттармен және сертификаттармен марапатталды.

                            
                                            А. Махамбетова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT