«Мемлекеттік рәміздер – ел негізі»

Мемлекеттік рәміздер – елдің егемендігі мен тәуелсіздігін айшықтайтын басты құндылықтардың бірі. Ту, Елтаңба және Әнұран халқымыздың тарихын, рухын, бірлігі мен болашаққа деген сенімін бейнелейтін қасиетті белгілер. Сондықтан жыл сайын 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні еліміздің барлық өңірінде, оның ішінде ауданымызда да кеңінен аталып өтіледі.

«Мемлекеттік рәміздер – ел негізі» тақырыбындағы салтанатты шара алдымен қаламыздың «Орталық стадион» автотұрақ алаңынан басталып, Рәміздер алаңына дейін жалғасты. Шара барысында қатысушылар «Атамекен» әнін орындап, саптық шерумен жүріп өтті. Патриоттық рухқа толы шеруге аудандық ішкі істер органдарының қызметкерлері, білім беру саласының мамандары, мектеп оқушылары, балабақша тәрбиешілері, еріктілер, бишілер және мәдениет саласының өкілдері қатысты. Бірлікті, отансүйгіштікті дәріптеген іс-шараға 500-ге жуық жылыойлық атсалысты. Мерекелік шараның негізгі бөлігі Рәміздер алаңында жалғасты. Мұнда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімі өткізіліп, еліміздің Әнұраны жанды дауыста орындалды. Көк байрағымыз көкке көтеріліп, патриоттық сезімді күшейте түсті. Мереке қарсаңында жылыойлықтарға деген жылы лебізін жаудырған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ербол Шымырбай:

– Барша Жылыой жұртын 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Көк байрағымыз әрдайым биікте желбірей берсін,-деді құттықтауында. 

Иә, Мемлекеттік рәміздер күні –жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіріп, елдік құндылықтарды дәріптейтін маңызды күн. Сондықтан мұндай тағылымды шаралардың қоғам үшін маңызы зор. Өйткені Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу отбасы мен Отанды құрметтеуден басталады.

Д.Ізбасарқызы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT