Халыққа қызмет көрсету орталығында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі өтті. Мақсат – тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту және халыққа нақты көмек көрсету. Іс-шараны ұйымдастыруға қалалық әкімдік мұрындық болды.
Жәрмеңкеге жұмыспен қамту, білім, жер, тұрғын үй, сәулет және құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру бөлімдерінің өкілдері қатысты. Мамандар келушілерге өз салалары бойынша кеңінен түсінік берді.
Шарада тұрғындарға мемлекеттік қызметтердің қалай жүзеге асатыны түсіндірілді. Атап айтсақ, сыртқы жарнамаларды орнатуға рұқсат алу үшін «elicense.kz» порталы арқылы аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен келісім алу қажет. Ал, жұмыссыздық мәселесі бойынша «Мансап» орталығына жүгінуге немесе онлайн түрде «enbek.kz» еңбек биржасы арқылы өтініш беруге болады.
Жеке меншік жер теліміне тұрғын үй салғысы келгендер аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне барып, сәулет жоспарлау тапсырмасын және эскизін келісуі керек. Сонымен қатар жер кезегі неліктен қозғалмай тұрғаны, жерді жеке меншікке қалай алуға болатынын және жер учаскесінің мерзімін ұзарту үшін қандай құжаттар қажет екенін білді.
Жәрмеңкеге келген тұрғындар арасында мүгедектікті алу тәртібі туралы сұрақ қойды. Мамандар алдымен учаскелік дәрігерден қорытынды алынып, оны медициналық еңбек сараптама комиссиясына көрсету керек дейді. Одан кейін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне бару қажет. Сондай-ақ ағаштарды кесуге рұқсат алу қызметі де «elicense.kz» порталы арқылы жүзеге асатыны айтылды.
Сонымен қатар шараға жиналғандардың басым бөлігі әлеуметтік желіде тараған хабарландыруды жұмыссыздық жәрмеңкесі ретінде қабылдаған. Жұмыс іздеп келген тұрғындар мекеме өкілдері қатысып, өз мәселелері мен ұсыныстарын ортаға салуға мүмкіндік болады деп ойлағандарын айтады.
Алайда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Гульзира Әміржанқызының айтуынша, аталған шара бекітілген жоспарға сәйкес тоқсан сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
– Мұндай жәрмеңке тоқсан сайын өткізіледі. Бұл жолғы шараға да әр саланың мамандары қатысып отыр. Дегенмен қазіргі таңда аудандағы өзекті мәселелердің бірі – жұмыссыздық. Сондықтан тұрғындар жәрмеңкені осы мәселеге тікелей қатысты деп түсінген. Ақпараттың мазмұнын дұрыс ұғынбаған. Алдағы уақытта мұндай түсінбеушіліктерге жол бермеу үшін хабарландыруларды нақты әрі түсінікті етіп жариялауды ескеретін боламыз,-дейді ол.
Шара барысында 37-ге жуық тұрғын мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі бойынша өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Көпшілікті қызмет көрсету мерзімі, қажетті құжаттар тізімі және өтініш беру жолдары қызықтырды.
Сала мамандары әр сұраққа нақты әрі түсінікті жауап беріп, мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ онлайн форматта алудың тиімді жолдарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Тұрғындарға электронды өтініш беру жолдары көрсетіліп, цифрлық сервистерді пайдалану мүмкіндіктері таныстырылды. Мамандардың айтуынша, мұндай түсіндіру жұмыстары халықтың уақытын үнемдеп қана қоймай, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.
А. Махамбетова



