АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Жаңа Конституция бойынша өтіп жатқан жалпыхалықтық референдумда дауыс берді. Ол өз таңдауын елордадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы №129 учаскеде жасады.
– Бүгін маңызды күн. Себебі жарты жылға созылған қоғамдық дискуссияның бүгін нәтижесін шығаратын боламыз. Мемлекет басшысы өткен жылы Парламентте халқына Жолдауында ең алғаш рет бір палаталы парламентке көшу идеясымен бөліскен болатын. Сол уақыттан бері 189 күн қоғамдық дискуссиялар жүрді. Дискуссиялар барысында азаматтардан мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Басынан бастап ел азаматтары жоғары ниет білдіріп, қызығушылықпен осы дискуссияға араласқан болатын, – деді Ерлан Қарин.
Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші референдумда осы талқылаулардың нәтижесі айқындалатынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгін Қазақстан азаматтары ел болашағына қатысты шешім қабылдайды. Қабылданатын шешімге сәйкес, қандай қоғамда өмір сүретінімізді және қандай құндылықтар негізінде әрі қарай дамитынымызды айқындаймыз. Менің ойымша, бүгін маңызды шешім қабылданады деді ол.



