Мекемеде кадр тапшылығы сезіледі

Қоғамдық тазалық – кез келген елді мекеннің келбетін айқындайтын, тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды сала. Таза көше мен ұқыпты орта – жай ғана сыртқы көрініс емес, бұл қоғамның мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші. Осы тұрғыда ауданда санитарлық тазалықты қамтамасыз етіп отырған «Жылыой тазалық» ЖШС мекемесінің еңбегі ерекше.

Бүгінде ауданда 85 мыңнан астам халық тұрады. Оның ішінде Құлсары қаласында 44 мың, ал ауылдық елді мекендерде 16 мыңнан астам тұрғын ғана тазалық мекемесімен келісім шартқа отырған. Ал қалған 25 мың тұрғын бұл келісімге отырмаған. Соның салдарынан бүгінде мекемеге халықтың 48 миллион теңге көлемінде берешегі бар.

Төлемдердің уақытылы өтелмеуі мекеме жұмысына айтарлықтай қиындық тудырып отыр. Қазіргі таңда ай сайынғы төлемдердің небәрі 43 пайызы ғана уақытылы төленеді. Қарыз көлемі кей жағдайда 30–40 мың теңгеге дейін жетіп, оны өндіріп алу үшін нотариалдық шараларға жүгінуге тура келеді. Соған қарамастан мекеме өз жұмысын тоқтатпай, жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бұрын қоқыс уақытылы алынбайды деген шағымдар жиі айтылса, бүгінде бұл мәселе шешімін тапқан. Қазіргі таңда қоқыс жинау жұмыстары нақты кесте бойынша жүргізіледі. 

– Бұл нәтижеге жету – біздің қызметкерлердің еңбегі. Бір жарым жылдан астам уақыт ішінде олар әр көшеден, әр үйдің алдынан қоқысты уақытылы алып, жұмысты бір жүйеге қойды,-дейді мекеме басшысы Бауыржан Әбдірахманов. 

Дегенмен қаржылық мәселе әлі де өзекті. Қазіргі тариф деңгейі мекеме шығындарын толық жабуға жеткіліксіз. Мәселен, көп қабатты үйлер үшін тариф 337 теңге болса, жеке секторда 356 теңгені құрайды. Ал нақты есеп бойынша бір адамға шаққандағы қызмет құны кемінде 735 теңге болуы тиіс.Тарифті көтеру мәселесі бірнеше рет айтылғанымен тұрғындарға ауыртпалық түсіреді деген себеппен қолдау таппаған. Нәтижесінде мекеме шығынның бір бөлігін тендерлік жобалар арқылы жауып отыр. Осы тұрғыда мекеме басшысы алдағы жоспарымен бөлісті. 

– Қазіргі таңда жұмысшылардың айлығы шамамен 180 мың теңге болса, жүргізушілер 270–320 мың теңге аралығында еңбекақы алады. Алдағы уақытта жалақыны тағы да көтеру жоспарда бар,- деді ол. 

Бүгінгі күні мекеменің материалдық-техникалық базасы да біртіндеп жаңартылып келеді. Жергілікті әкімдік пен демеушілердің қолдауымен жаңа техникалар алынуда. Жақын арада 10 жаңа қоқыс таситын көлік жеткізіледі деп күтілуде. Бұл аудан аумағын толық қамтуға мүмкіндік бермек. Алайда техниканың жеткілікті болуына қарамастан, кадр тапшылығы сезіледі. Әсіресе жүргізуші мен оператор мамандар жетіспейді. Жалақы ұсынылғанымен бұл салаға қызығушылық танытушылар аз. 

– Көпшілік тазалық саласын тек қоқыспен байланыстырады. Бірақ бұл – қоғамға қызмет етудің маңызды бір бағыты.Сондықтан да мекемеге жұмыс іздеп келетіндер – жоқтың қасы. Мен керекті мамандар тізімін «Мансап» орталығына тапсырғаныммен әзірге ешқандай жауап болып жатқан жоқ. Біздің қызметкерлер еш қысылмай, адал еңбек етіп жүр. Сол үшін оларға үлкен алғыс айту керек,-дейді басшы. 

Мекеме жұмысы заманауи бақылау жүйелері арқылы қадағаланады. Әрбір техникаға GPS орнатылған, ал атқарылған жұмыстар арнайы чаттар арқылы тексеріліп отырады. Бұл қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. 

Осы тұста мекеме басшысы тазалық ұғымының терең мәніне тоқталды. Оның айтуынша, тазалық – тек коммуналдық қызметтің міндеті емес, әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс құндылық. 

– Тазалық бірінші орында тұруы керек. Адамның ішкі жан дүниесі мен өмір сүріп отырған ортасының тазалығы өзара тығыз байланысты. Таза орта адамды тартады, бұл – адамзат табиғатына тән қасиет. Өкінішке қарай, бүгінде осыған немқұрайлы қарайтындар да кездеседі. Сондықтан тазалық мәселесі отбасынан басталып, қоғам арқылы мемлекет деңгейіне дейін көтерілетін маңызды тақырып,-дейді ол.

 Расында да тазалық – тек сыртқы тәртіп емес, ол – ішкі мәдениеттің айнасы. Әрбір адам өз үйінен бастап айналасын таза ұстаса, бұл дағды үлкен қоғамдық мәдениетке ұласады. Осы ретте мекеме басшысы жастар мен балаларға тазалық тәрбиесін ерте жастан сіңірудің маңызын ерекше атап өтті. Алға қойылған жоспарлар да ауқымды әрі маңызды. Соның ішінде ең өзектілерінің бірі – қоқысты сұрыптау жүйесін енгізу. Яғни тұрғындарға екі түрлі контейнер ұсынылып, тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды қадам ғана емес, қоғам санасын жаңғыртуға бастайтын игі бастама. Жалпы алғанда, «Жылыой тазалық» мекемесі – аудан тазалығы үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан ұйым. Күнделікті кездесетін қиындықтарға қарамастан, олар өз міндеттерін адал атқарып, қоғамға қызмет етудің шынайы үлгісін көрсетіп отыр.

Сонымен қатар алдағы уақытта қалада ескі заттарды қабылдайтын арнайы пункт ашу жоспарлануда. Бұл бастама тұрмыстық қалдықтардың көлемін азайтумен қатар, әлеуметтік тұрғыдан да үлкен маңызға ие болмақ. Яғни, тұрғындар әлі де пайдалануға жарамды жиһаздар мен тұрмыстық бұйымдарды қоқысқа тастамай, арнайы орынға тапсыра алады. Ал бұл заттар өз кезегінде мұқтаж отбасыларға тегін үлестірілмек. Шынында да қоқыс арасынан әлі де кәдеге жарайтын, сапасы сақталған дүниелерді жиі кездестіреміз. Осындай игі істер арқылы оларды қайта айналымға енгізу – қоғам үшін үлкен пайда әрі ізгілікке бастайтын жол. 

– Бұл бастамалар қаншалықты маңызды болғанымен, оларды толық іске асыру материалдық мүмкіндіктерге де тікелей байланысты. Мұндай ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін қомақты қаржы қажет,-дейді «Жылыой Тазалық» ЖШС басшысы Бауыржан Әбдірахманов. 

Сондай-ақ құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін қалдықтарды бейберекет кез келген жерге төге салу — жауапкершілікке жат әрекет. Осыған байланысты мекеме басшысы Бауыржан Әбдірахманов тұрғындарға маңызды ескерту жасады. Оның айтуынша, мұндай жағдайда арнайы қызметке жүгініп, құрылыс қалдықтарын заң талаптарына сай түрде шығару қажет. Мамандар қоқыстың көлемін есептеп, тиісті бағаны белгілейді және келісім шарт негізінде оны алып кетеді. Бұл – қаланың тазалығын сақтаудың ең тиімді әрі өркениетті жолы.

 Қала тазалығы – әр тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігінің айнасы. Бүгінгі таңда қоқысты бейберекет тастап, контейнерлерді аударып кету деректері жиілеп бара жатқандықтан мұндай орындарға арнайы бейнебақылау камералары орнатылған. Қазіргі уақытта 8 ауылдағы балалар ойын алаңдарының маңына, сондай-ақ Махамбет даңғылы бойына, вокзал аумақтарына және қаланың орталығына камералар қойылып, барлығы диспетчер мамандарының тұрақты бақылауында. Егер қандай да бір құқық бұзушылық немесе бүлдіру фактілері тіркелсе, дер кезінде анықталып, учаскелік инспекторларға жолданады. Мұндай әрекеттер үшін салынатын айыппұл мөлшері 46 мың теңгеден басталады.

 - Дегенмен мәселенің шешімі тек бақылау мен айыппұлда емес. Ең бастысы – тұрғындардың санасы мен туған жерге деген жанашырлығы. Құлсары - барлығымызға ортақ үй. Бұрындары адамдар өз аулаларын таза ұстап, шөптерін шауып, айналасын күтіп-баптап отыратын. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта мұндай игі дәстүрлер ұмыт қалып бара жатқандай. Кейбір тұрғындар қаланы өз меншігіндей емес, уақытша пайдаланатын жер секілді қабылдайды,-дейді Бауыржан Әбдірахманов.

Айта кетейік, өткен жылы су тасқыны салдарынан қала аумағына көптеген қоқыс пен шөп қалдықтары жиналып қалған болатын. Соған қарамастан, тиісті қызметтер барлық аумақтарды тазалап, үлкен жұмыс атқарды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Арнайы жоспарға сәйкес, әрбір қызметкер өзіне бекітілген көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда бұл жұмыстар қарқынды түрде жүзеге асуда. 

А. Мейрамбайқызы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT