Аудан әкімдігінде 2026 -2027 жылдардағы жылыту маусымы, жаңа оқу жылына дайындық және азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланған аппараттық мәжіліс өтті. Жиында аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Сабыров азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, жыл басынан бері азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халыққа сапалы өнімдерді қолжетімді бағамен ұсыну мақсатында 32 жәрмеңке ұйымдастырылған.
Апта сайын өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінің ұйымдастырылуы мен өткізілу барысын бақылауға екі маман белгіленген. Дегенмен жәрмеңкеге жергілікті шаруа қожалықтарын тартуда бірқатар қиындық бар. Әсіресе ет пен сүт өнімдерін өндірушілер жәрмеңкеге қатысуға аса қызығушылық танытпайды. Себебі шаруалар үшін өнімді тікелей көтерме сауда арқылы өткізу тиімдірек дейді бөлім басшысы. Сонымен қатар іс-шаралар қарсаңында ауданда екі рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Оған барлығы 15 кәсіпкер қатысып, түрлі өнімдерін ұсынған. Бұдан бөлек 2 тамызда жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында кешкі жәрмеңке өткізілген. Оған 34 субъект, оның ішінде 19 шаруа қожалығы мен 15 кәсіпкер қатысып, 4,5 тонна қарбыз, 1,5 тонна қауын, 1,1 тонна сүт, ет және шұжық өнімдері, сондай-ақ 550 дана бөдене жұмыртқасы мен 20 келі бөдене еті сатылымға шығарылған. Сондай-ақ биыл Астана қаласында өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қатыстыру жоспарлануда. Бұл жергілікті өнім өндірушілер үшін жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік бермек.
Алайда жәрмеңкелерді өткізу барысында тәртіпке қатысты мәселелер де кездеседі. Атап айтқанда, кейбір кәсіпкерлер арнайы бөлінген орындарды пайдаланбай, тауарларын автокөліктерінен тікелей сатып, жәрмеңке аумағынан тыс жерде сауда жасайды. Бұдан бөлек, жәрмеңке форматына сәйкес келмейтін киім-кешек, химиялық және тұрмыстық тауарлар сатқан жағдайлар орын алған. Бұл бағытта сауда жасаушыларға бірнеше рет ескерту жасалып, түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, талапқа қайшы сауда фактілері қайталанған. Осыған байланысты аудандық полиция басқармасына жәрмеңке өтетін күндері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және анықталған құқық бұзушылықтарға қатысты заң аясында шара қабылдау жөнінде ресми хат жолданған. Сондай-ақ бағаны тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлік бөліміне бірнеше рет ресми хат жолданған. Нәтижесінде жәрмеңкеде сатылатын 31 түрлі азық-түлік өнімі бойынша бағалар белгіленген. Алайда бұл көрсеткіштер жәрмеңкедегі бағаны реттеуге мүмкіндік бермей отыр.
Аудан әкімі қаралған мәселелерді қорытындылай келе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті. Осы ретте нарықтағы баға ахуалын тұрақты бақылауда ұстап, сауда орындарындағы баға өзгерістеріне талдау жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
-Көтерілген мәселелерді өз бақылауымда ұстаймын. Кәсіпкерлер арасында тазалық талаптарын сақтау және заңнамада көзделген жауапкершілік шаралары жөнінде түсіндіру жұмыстарын одан әрі күшейту қажет. Өйткені тазалық – елді мекеннің көркі мен тұрғындарға қолайлы ортаны қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі. Осыған байланысты бизнес өкілдері санитарлық талаптарға жауапкершілікпен қарап, айтылған ескертулерді ескеріп, шараларды уақытылы қабылдауы тиіс.Сонымен қатар жәрмеңкелердің әлеуметтік маңызын арттыруға баса назар аударған жөн. Атап айтқанда, тұрғындардың күнделікті сұранысына ие көкөніс және басқа да азық-түлік өнімдерін нарықтағыдан тиімді бағамен ұсынуды жүйелі түрде ұйымдастыру қажет. Бұл өз кезегінде халықтың қажетті тауарларды қолжетімді бағамен сатып алуына мүмкіндік беріп, жәрмеңкелердің тұрғындар үшін тиімділігін арттыра түседі,-деді аудан басшысы.
Бұдан бөлек жиында жылыту маусымына дайындық барысы да қаралды. Аудан әкімі дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды міндеттеді. Жаңа оқу жылына әзірлік мәселесіне де басымдық беріліп, білім алушыларға қолайлы жағдай жасау, қажетті инфрақұрылым мен нысандардың дайын болуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар жүктеді.
Жұмабек Қаражанов жауапты бөлімдерге жұмыстардың қарқынын бәсеңдетпей, белгіленген міндеттердің орындалуына бақылауды күшейтіп, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстарды қамтамасыз етуді тапсырды.
А.МАХАМБЕТОВА



