Lotus Fest-2026 фестивалінің екінші күні гала-концертпен жалғасты

Құрметті көрермен, Lotus Fest-2026 фестивалінің екінші күні де жоғары деңгейде өтіп жатыр.

Күндіз фестиваль алаңында түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылып, қонақтарға арналған қызықты бағдарламалар ұсынылды.

Қазір мерекелік кештің басты бөлігі - гала-концерт басталды. Сахнада жергілікті өнерпаздармен қатар, елімізге танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда.

Фестиваль қонақтарының бірі Шолпан Шайхиева шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, туған жерінің көркейе беруіне тілектестігін білдірді.

“Фестиваль өте жақсы өтіп жатыр. Ауылымыздың осылай көркейіп, дами бергенін қалаймыз. Осындай мәдени шаралар халыққа ерекше көңіл-күй сыйлайды”,- деді ол.

Ал эстрада жұлдызы Ғаділбек Жанай Lotus алқабын бұған дейін өз көзімен көрмегенін, алайда фото және бейнематериалдар арқылы ерекше әсер алғанын жеткізді.

“Лотос алқабын өз көзіммен көрмедім, бірақ фото, видеолардан көріп, ерекше әсер алдым. Фестиваль өте жақсы өтіп жатыр. Бүгінгі концертте көрермендермен бірге ән шырқаймыз. Баршаңызға көтеріңкі көңіл-күй тілеймін” - деді Ғаділбек Жанай.

Кеш барысында көрермендерді жанды музыка, әсерлі қойылымдар мен танымал әндер күтеді. Lotus Fest-2026 фестивалі мерекелік гала-концертпен өз мәресіне жетеді.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT