Атырау облысында табиғат пен мәдениетті ұштастырған халықаралық Lotus Fest-2026 фестивалі екі күнге созылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй мен ерекше әсер сыйлады.
Ауқымды шараға еліміздің әр өңірінен келген қонақтармен қатар, шетелдік туристер де қатысып, фестиваль алаңына екі күн ішінде 40 мыңға жуық адам жиналды.
Фестивальдің негізгі мақсаты - Атырау өңірінің туристік әлеуетін танытып, табиғи ерекшеліктерін кеңінен насихаттау. Лотос маусымы басталғалы, яғни шілде айынан бүгінге дейін лотос алқабына 10 мыңға жуық қонақ пен турист арнайы барып, табиғаттың ерекше көрінісін тамашалаған.
Биылғы лотос маусымы тамыз айының соңына дейін, ауа райы қолайлы болған жағдайда қыркүйек айының басына дейін жалғасады деп күтілуде. Бұл кезеңде тұрғындар мен туристер лотос гүлдеген алқапты тамашалап, табиғи аймақтың ерекше көрінісіне куә бола алады.
Екі күн бойы фестиваль аясында түрлі мәдени, спорттық және ойын-сауық шаралары ұйымдастырылды. Қонақтар лотос алқабының табиғи көрінісін тамашалап, арнайы концерттік бағдарламаларға қатысып, жергілікті өнерпаздар мен елімізге танымал эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалады.
Фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі – табиғат аясындағы мерекелік концерттер болды. Сахнада «Меломен» тобы, Байтанат, Тұрар, Алхам, Нұрлан мен Мұрат, Еркебұлан Құмар, «Заман» тобы, Ғаділбек Жанай сынды өнер иелері өнер көрсетіп, көрерменге ән мен әуезді кеш сыйлады.
Шараға келген қонақтар үшін лотос алқабына арнайы бағыттар ұйымдастырылып, табиғи аймаққа қатынауды қамтамасыз ету мақсатында қайық тасымалы жолға қойылды. Фестиваль күндері таңертеңнен бастап алқапқа ағылған тұрғындар мен туристердің қарасы қалың болды.
Lotus Fest-2026 өңірдің туристік әлеуетін танытып қана қоймай, Атыраудың табиғи ерекшеліктерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді. Екі күнге созылған фестиваль барысында тұрғындар мен қонақтар табиғат аясында демалып, мәдени бағдарламаларға қатысып, естен кетпес әсер алды.
Осылайша, мыңдаған көрерменді бір алаңға тоғыстырған Lotus Fest-2026 өз мәресіне жетті. Ал лотос алқабындағы табиғи маусым әлі жалғасып, тамыз айының соңына дейін, ауа райына қарай қыркүйек айының басына дейін туристер үшін көрікті мекен болып қала бермек.



