Лотос енді Жылыойда жайқалмақ

Жылыойда табиғатты көркейтуге бағытталған ерекше бастама қолға алынды. Бірнеше жылдан бері бау-бақша өсірумен айналысып келе жатқан жылыойлық тұрғын Гүлшат Мусиева Қамыскөл көліне алғаш рет лотос гүлінің дәндері мен арнайы дайындалған өскіндерін жіберді.

Бағбанның айтуынша, бұл ой оған бірнеше жыл бұрын келген. Табиғаттың көркін арттырып қана қоймай, Қамыскөлді болашақта туристер қызыға тамашалайтын орындардың біріне айналдыруды мақсат еткен ол лотосты алдымен үй жағдайында өсіріп, тамырландырып алған.

- Лотос негізінен таяз суларда өседі. Біз оны бірден суға тастай салмай, әуелі тамырландырып, жапырағын жайғаннан кейін ғана көлге жібердік. Себебі дән күйінде салсақ, балықтар жеп қоюы мүмкін деп қауіптендік. Алматы қаласынан арнайы шамамен 2 келі дән алдырып, оның бір жарым келідей бөлігін суға жібердік. Егер табиғи ортаға бейімделіп кетсе, алдағы жылдары Қамыскөл жағалауында лотос гүлдері жайқалып тұруы әбден мүмкін,-дейді ол. 

Табиғат жанашырының айтуынша, лотос өсімдігі су айдынының экожүйесіне бейімделсе, өздігінен көбейіп, жыл сайын гүлдеп тұратын мүмкіндікке ие болады. Бұл өз кезегінде өңірдің табиғи әлеуетін арттырып, тұрғындар мен қонақтардың қызығушылығын тудыруы мүмкін. Бүгінде көршілес Құрманғазы ауданындағы лотос алқаптары көпшіліктің назарын аударып, туристік нысанға айналып үлгерді. Осындай әсем көріністі болашақта Қамыскөл жағалауынан да көру жылыойлықтардың ортақ тілегіне айналып отыр. Игі бастаманың нәтижесін уақыт көрсетеді.

 А.ТАЛАПКЕР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT