Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов кезекті қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың талап- тілектеріне құлақ түрді. Әкімдік ғимаратында өткен кездесуде жер, тұрғын үй мәселесі және көп қабатты тұрғын үйлердің жағдайына қатысты түйткілді мәселелер көтерілді.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, көкейдегі сауалдарына нақты жауап алды. Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі бірнеше жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрғандарын, алайда, кезектің баяу жылжуы алаңдатып отырғанын жеткізді. Олар бұл мәселені жеделдетіп, оң шешімін табуға ықпал етуін сұрады. Сонымен қатар балалар ойын алаңдарының жай-күйі де назардан тыс қалмады. Тұрғындардың сөзінше, қазіргі таңда бірқатар ойын алаңдары ескіріп, кейбірі мүлдем жарамсыз күйге түскен. Жаз мезгілінің басталуына байланысты балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада ойнауына жағдай жасау қажеттігі айтылып, ойын алаңдарын жаңартып, қайта қалпына келтіру жөнінде өтініштерін білдірді. Қабылдауға келген тұрғындардың бірі – Сәния Қуанышқызы. Ол аудан аумағындағы жер мәселесіне қатысты өз өтінішін жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі таңда өзі жүзеге асырып жатқан құрылыс жобасына көршілес орналасқан көп қабатты тұрғын үйдің санитарлық және техникалық жағдайы кері әсер етуі мүмкін.
– Құрылыс жобамды бастаған болатынмын. Алайда жанымда орналасқан көп қабатты тұрғын үйдің санитарлық әрі техникалық жағдайы талапқа сай емес деп есептеймін. Бұл тек менің құрылыс жұмыстарыма ғана емес, қоршаған ортаның тазалығы мен қауіпсіздігіне де әсер етуі ықтимал. Сондықтан аталған мәселеге әкімдік тарапынан назар аударылып, тиісті шешім қабылданса екен деген өтінішім бар,-деді тұрғын.
Қабылдау барысында аудан әкімі әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелер заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын атап өтті. Сонымен қатар аталған көп қабатты тұрғын үйдің сыртқы келбетін ретке келтіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Ал тұрғын үйдің ішкі жағдайына қатысты мәселе пәтер иелерінің өзара ұйымшылдығы мен белсенділігіне тікелей байланысты екенін айтқан аудан басшысы көп қабатты үйлерде пәтер иелері кооперативін құрудың маңыздылығына тоқталды. Одан әрі қабылдау «Amanat» партиясының ғимаратында жалғасты. Кездесу барысында тұрғындар үйді жекешелендіру, жұмысқа орналасу және әлеуметтік салаға қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, өтініш-тілектерін жеткізді.
Айгүл Көкебаева пәтерін жекешелендіру мәселесі бойынша аудан әкімінен көмек сұрай келіпті. Оның айтуынша, қазіргі таңда тұрып жатқан қызметтік пәтер облыстық білім басқармасының теңгерімінде. Осыған байланысты аудандық білім бөлімі тарапынан қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру мақсатында оны аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің теңгеріміне беру жөнінде 2025 жылдың 22 мамырында ұсыныс жолданған. Алайда, аудандық білім бөлімінің 2025 жылдың 3 маусымындағы хатына сәйкес, облыстық білім басқармасы аталған тұрғын үйді жекешелендіруге келісім бермегені белгілі болған. Тұрғын аудан әкімінен осы мәселенің оң шешім табуына ықпал етіп, көмек көрсетуін сұрады. Аталған мәселе бойынша аудан әкімі Жұмабек Қаражанов жауапты сала мамандарына жағдайды жан-жақты зерделеуді тапсырды.
Сондай-ақ тұрғынның өтініші заң аясында қаралып, тиісті жауап берілетінін атап өтті. Қабылдауда көп балалы әке Бақытбек Доғдырбайұлы да жұмыссыздық мәселесін көтерді. Ол биылғы жылдың 12 қаңтарында Мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген. Кейін 16 наурыз күні CCIC мекемесінің сұранысына сәйкес түйіндемесін жолдаған. Алайда мекеме тарапынан қауіпсіздік тексерісінен өтпегені жөнінде жауап келген. Тұрғын осы мәселеге байланысты аудан басшысынан қолдау көрсетіп, жұмысқа орналасуға ықпал етуін сұрады. Аудан басшысы көп балалы әкенің жағдайымен толық танысып, көтерілген мәселені жеке бақылауына алатынын жеткізді. Сонымен қатар жұмыссыздық мәселесінің бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
– Қазіргі таңда жұмыссыздық мәселесі қоғам үшін маңызды болып отыр. Сіздің жағдайыңызды түсініп отырмыз. Бұл мәселені қайта қарап, тиісті шешім қабылдаймыз. Қала аумағында бос жұмыс орындары болған жағдайда сізбен хабарласып, жұмысқа орналасуға қолдау көрсетеміз,-деді Жұмабек Қаражанов. Қабылдау барысында көтерілген әрбір мәселе аудан әкімінің назарынан тыс қалмады. Жұмабек Қаражанов жауапты бөлім басшылары мен сала мамандарына тұрғындардың өтініштері бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырып, олардың орындалуын бақылауда ұстайтынын тілге тиек етті.
Кездесу соңында аудан басшысы халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеу маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ азаматтардың талап-тілектері кезең-кезеңімен қаралып, заң аясында шешім қабылданатынын жеткізді.
А.Мейрамбайқызы


