Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. №13 жалпы орта білім беретін мектепте өткен жиында күн тәртібіндегі 4 мәселе қаралды.
Отырыста алдымен №13 жалпы орта білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлбану Серікқызы кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктіліктің алдын алу және қыз балалар тәрбиесі бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, білім ордасында оқушылардың құқықтарын қорғау, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ерте жүктіліктің алдын алу және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда мектепте 1–11 сыныптарда 450-ден астам қыз бала білім алады. Қыздармен қарым-қатынасты одан әрі нығайту мақсатында "Қызғалдақ" қыздар клубы құрылып, түрлі тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар қыркүйек айында құқық бұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың, нашақорлықтың, суицидтің және ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында құқық қорғау, білім және медицина саласының мамандарымен кездесулер өткізілген. Жиында аудандық аурухананың психологі Альфия Аңдамасованың психологиялық қауіпсіздік, ерте жүктіліктің алдын алу, жауапты мінез-құлық қалыптастыру бойынша түсіндіру және кеңес беру жұмыстары жүргізілген. Одан бөлек, қазан айында аудандық психологиялық қолдау орталығының маманы Сағира Жекейбаеваның қатысуымен ата-аналармен кездесу ұйымдастырылып, балалармен тиімді қарым-қатынас орнату, қауіп белгілерін ерте анықтау және алдын алу шаралары бойынша кеңестер берілген.
Бұдан бөлек «Қыз баланың әдебі мен мәдениеті» тақырыбында мектеп директорының орынбасары Гүлбану Тажиева, мектеп мейірбикесі және педагог-психолог бірлесіп 5, 6 және 7 сынып оқушыларымен кездесу өткізген. Кездесудің мақсаты – қыз балалардың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайту. Жиында әдептілік, мәдениетті сөйлеу, өзін-өзі ұстау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету мәселелері кеңінен талқыланды. Мамандар қыз балаларға өмірде дұрыс таңдау жасап, өз болашағына жауапкершілікпен қарау керектігін атап өтті. Сондай-ақ мектеп психологі кәмелетке толмаған қыздармен тұрақты түрде профилактикалық әңгімелер жүргізіп келеді. Бұл жұмыстардың барлығы оқушылардың құқықтарын қорғауға, денсаулығын сақтауға, ерте жүктіліктің алдын алуға және саналы, тәрбиелі тұлға қалыптастыруға бағытталған.
Жиын соңында комиссия мүшелері мұндай тәрбиелік және түсіндіру жұмыстарының оқушылар арасында өткізілуі аса маңызды екенін атап өтіп, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Одан әрі №13 мектеп бойынша 2025–2026 оқу жылындағы білім ордасындағы жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсау оқиғаларының алдын алу бағытында жүргізілген психологиялық жұмыстар туралы педагог-психолог Әсемгүл Болатқызы баяндама жасады. Білім ордасында әр оқу жылының басында мектепте жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу мақсатында бірлескен іс-шаралар жоспары жасақталып, мектеп басшысымен бекітіледі. Жоспарға сәйкес қыркүйек айында суицидтің алдын алу үшін мектеп психологтары 9–11 сыныптарға "Өмір, сен маған қымбатсың" атты эссе жаздырды. Мақсат – оқушылардың төмен, орташа, жоғары көрсеткіш бойынша қобалжу деңгейін анықтау. Нәтижесінде төмен көрсеткіш анықталмаған.
2025–2026 оқу жылының қыркүйек айынан бастап «HR+» АСППМ психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты әзірлеген диагностикалық әдістемелер жинағы негізінде сауалнама әдістері қолданылды. Қыркүйек айында 5–11 сыныптар арасында "Буллинг" сауалнамасы алынып, орташа көрсеткіш көрсеткен оқушылармен жеке кеңес беру жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар 10–11 сыныптар арасында "Аутодеструктивті мінез-құлықты анықтау" және "Субъективті күй" деңгейін диагностикалау сауалнамалары алынған. Сондай-ақ қараша айында "Өркен" әзірлеген "Саған қалай қарайды?" анонимді экспресс-сауалнамасы 5–11 сыныптары арасында жүргізілді. Мақсат – баланың өміріндегі зорлық-зомбылықтың қай салаларында бар екенін анықтау. Алдағы уақытта да аталған жұмыстар жалғасып, әр баланың жан дүниесіне үңіле отырып, қолдау көрсету, түсіну және бағыт беру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле бермек.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары жауапты маманға бірқатар сұрақтар қойып, анықталған кемшіліктер бойынша ескерту жасады. Сондай-ақ мұндай олқылықтардың алдағы уақытта қайталанбауы үшін жұмысты тиянақты әрі сапалы жүргізуді тапсырды.
Отырыста қаралған үшінші мәселе Ж есімді жасөспірімге қатысты болды. Аталған оқушының жағдайы бұған дейін де бірнеше рет комиссия отырыстарында қаралған болатын. Белгілі болғандай, жасөспірім бұрын да бірнеше рет үйінен кетіп қалып, Ақтау, Ақтөбе және Атырау қалаларынан табылған еді. Жиын барысында мектеп ұстаздары оқушының соңғы уақытта сабаққа мүлдем келмегенін және онымен байланыс орнату мүмкін болмай отырғанын жеткізді. Мұғалімдердің айтуынша, анасы да қоңырауларға жауап бермейді, WhatsApp желісі арқылы да хабарласу мүмкін емес. Тіпті ұстаздар оның пәтеріне бірнеше рет барған. Алайда есік ашылмаған.
Алдыңғы отырыстарда жасөспірімнің анасы қызының тәртібін бақылауда ұстай алмай отырғанын мойындаған. Осыған байланысты комиссия шешімімен жасөспірімді тәрбиелеу және әлеуметтік оңалту мақсатында Маңғыстау облысы, Ақтау қаласындағы девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнайы мектеп-интернатына орналастыру туралы ұсыныс берілген болатын. Алайда анасы қызын аталған мекемеден алып кеткен. Кейіннен жасөспірімнің үйден кетіп қалу фактілері бірнеше рет қайталанып, іс сотқа жолданған болатын. Сот барысында жасөспірім анасымен бірге тұрғысы келмейтінін, үйіне оралғысы келмейтінін айтқан. Ал анасы сотта қызынан бас тартқанымен, іс жүзінде жасөспірім қазіргі уақытта анасының жанында тұрып жатыр. Өкінішке қарай, ол мектепке келмейді, ұстаздарымен де байланыспай отыр. Мұғалімдер бұл жағдай осылай жалғаса берсе, жасөспірімнің болашағына қауіп төнуі мүмкін екенін айтып алаңдаушылық білдіруде. Осыған байланысты жиында олар комиссия мүшелерінен мәселені қайта қарап, нақты шешім қабылдауды сұрады.
Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова жауапты мамандарға жасөспірім тұратын пәтерге барып, тексеру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Егер ешқандай кері байланыс болмаса, істі қайтадан сотқа жолдау қажеттігін ескертті.
Отырыста қаралған кезекті мәселе С есімді жасөспірімге қатысты болды. Ол 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап "Мед-Профи колледж" ЖШС-де "Емдеу ісі" мамандығы бойынша "Фельдшер" біліктілігіне 1 курс білім алушы ретінде қабылданған. Қазіргі таңда жас жеткіншек 201 тобының білім алушысы. Алайда ол 2025 жылдың 25 қыркүйегінен бастап сабақтарға себепсіз қатыспай, қалып отырған. Топ жетекшісі анасымен хабарласқанда қызының ауырып жүргенін айтып, медициналық анықтамамен келетінін жеткізген. Анасының өтініші бойынша 13 қазан күні директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Исембаева мен топ жетекшісі Т.Келемова жасөспірімнің тұрғылықты мекен-жайына барып, оны сабаққа қатыстырған. Алайда бұл шарадан кейін де ешқандай өзгеріс болмаған.
2025 жылдың 24 желтоқсанында колледж директоры Ж.Алибаева, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Исембаева және топ жетекшісі Т.Келемова жасөспірімнің үйіне қайта барып, анасымен кездескен. Кездесу барысында қызының оқуын жалғастыру немесе жалғастырмау мәселесі бойынша нақты шешім қабылдап, колледжге хабарлауын сұраған. Келесі күні, 25 желтоқсанда анасы колледжге келіп, қызының оқуына мәжбүрлей алмайтынын айтып, оны оқудан шығару туралы өтінішін жазып кеткен. Ағымдағы жылдың 14 қаңтарында колледж директоры С есімді жасөспірімнің анасын оқу орнына қайта шақырды. Жиынға колледж директоры, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және топ жетекшісі қатысты. Кездесу барысында анасына кәмелет жасқа толмаған білім алушыны колледжден өз еркімен шығару мүмкін еместігі және бұл мәселе бойынша құзырлы органдарға хабарлау қажеттігі түсіндірілді. Анасы қызына тағы бір мүмкіндік беруді сұрағанымен, колледж директоры жасөспірімнің осы уақытқа дейін бірде-бір пән бойынша емтихан тапсырмағанын және сабақтарға мүлде қатыспағанын айтып, қосымша мүмкіндік беру мүмкін еместігін жеткізген.
Жоғарыдағы жағдайға байланысты комиссия мүшелері жасөспірімнің сабаққа келмеуінің нақты себептерін анықтау қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар тиісті сала мамандарына бұл мәселені жан-жақты қарап, қажетті шараларды қабылдау бойынша тапсырмалар берілді.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова көтерілген мәселелердің алдын алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды. Бала өміріне, біліміне, құқығына жауапты әрбір мекеме өз ісіне мұқият болуы керектігін ескертті.
А. Махамбетова



