Жылдың алғашқы тоқсанында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті бұл саладағы бақылауды күшейтіп, азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық берді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы Какима Нұрмағамбетованың сөзіне сүйенсек, есепті кезеңде барлығы 1 942 955 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 1 702 065-і жергілікті атқарушы органдар арқылы, ал 240 890-ы орталық мемлекеттік органдар тарапынан ұсынылған. Жүргізілген бақылау шаралары нәтижесінде 1 847 заң бұзушылық анықталған. Оның ішінде 1 178 дерек тексеру барысында, ал 669-ы қашықтықтан мониторинг арқылы белгілі болған. Талдау көрсеткендей, заң бұзушылықтардың басым бөлігі қызмет көрсету тәртібін сақтамауға қатысты – 1 141 жағдай. Сонымен қатар қызмет көрсету мерзімін бұзудың 31 дерегі және негізсіз бас тартудың 6 фактісі тіркелген. Бұл ретте анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылданып, 4 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолдану ұсынылған. Ал Департамент жүргізген тексерістер нәтижесінде 123 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілген және азаматтардан түскен 59 өтініш қаралып, олардың негізінде 2 адамның құқығы қорғалған.
Сонымен қатар ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мақсатында жұмыс тобының отырысы өтіп, 16 ұсыныс енгізілді. «Елге қызмет» бағдарламасы аясында 12 ақпараттық іс-шара ұйымдастырылып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда қоғамдық бақылау да тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Атқарылған жұмыстар мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға, ашықтықты қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ


