Қылмыс азайып, қауіпсіздік күшейді

Таяуда аудан әкімі Жұмабек Қаражанов аудандық полиция басқармасының 2026 жылдың алғашқы үш айындағы жедел қызметтік жұмысының қорытындысына назар салды. Жиында ауданның қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу және құқық бұзушылықпен күрес бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды.

Басқарма басшысы Әнуар Кокаловтың мәліметінше, есепті кезеңде аудан көлемінде жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 32,4 пайызға төмендеген. Яғни қылмыстар саны 105-тен 71-ге азайған. Бұл ретте қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар, кәмелетке толмағандармен және топпен жасалатын қылмыстар да едәуір азайған және мал ұрлығы фактілері тіркелмеген. Сонымен қатар алаяқтық 62,7 пайызға төмендеп, тонау қылмыстары толықтай жойылған. Жасөспірімдер қылмысы да айтарлықтай қысқарған. Дегенмен кейбір бағыттарда өсім бар екені айтылды. Атап айтқанда, ұрлық пен бұзақылық фактілері көбейген. Сондай-ақ мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың артуы ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Есепті кезеңде мас күйінде құқық бұзушылық жасау деректері бойынша бірнеше азамат анықталып, жауапкершілікке тартылған. Жол қауіпсіздігі саласында да бірқатар оң өзгерістер бар. Жол-көлік оқиғаларының саны төмендегенімен, мас күйінде көлік басқару деректері әлі де тіркеліп отырғаны атап өтілді.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында бейнебақылау жүйелерін кеңейту және алдын алу шараларын күшейту қажеттігі де айтылды. Аудан әкімі құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, әсіресе мас күйде жасалатын қылмыстарды азайту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін профилактикалық жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті. Полицияның материалдық-техникалық базасын нығайтып, патрульдік топтарды көбейту арқылы жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыру міндеттелді.

А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT