Құлсарының 25 жылдық мерейтойы қала тарихына көз жүгіртіп, бүгінгі жетістігін бағамдап, келешекке жаңа мақсаттар белгілеуге мүмкіндік беретін айтулы кезең. Осы мерейлі датаға орай аудандық музейде «Құт мекенім – Құлсары» атты жергілікті суретшілердің шығармашылық көрмесі ұйымдастырылған болатын.
Көрме туған жерге деген сүйіспеншілікті өнер тілімен жеткізген ерекше шығармашылық алаңға айналды. Мұнда Құлсарының табиғаты, тыныс-тіршілігі, тарихы мен туған өлкенің көркем келбетін бейнелейтін түрлі туындылар көпшілік назарына ұсынылды. Қылқалам мен қолөнер арқылы әр суретші өзінің туған жерге деген көзқарасын, жүрек түкпіріндегі сезімін жеткізуге тырысқан.
Көрменің негізгі мақсаты мен мазмұны туралы Серік Мәтениязов айтып берді. Ол жергілікті суретшілердің шығармашылығы мен туған өлке өнерінің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталып, осындай мәдени шаралардың шығармашылық орта үшін маңызы зор екенін жеткізді.
Көрмеге жергілікті өнер иелерінің бірқатар еңбектері қойылды. Олардың қатарында Рзабай Оразғалиев, Ләззат Мамырова, Қосқұлақ Қыдыров, Бауыржан Қожасейілов, Нұргүл Елтезерова, Аманжан Қожасейілов, Айгүл Қуанова, Гүлбану Бақтыбаева, Нұрила Мақсотова және Нұршат Берікқызының шығармалары бар.
Әр туындының өзіндік үні мен айтары бар. Бірінде туған өлкенің табиғаты көрініс тапса, енді бірінде адам мен табиғат үндестігі бейнеленген. Қолөнер бұйымдары да көрменің мазмұнын байытып, ұлттық өнердің дәстүрі мен заманауи шығармашылықтың сабақтастығын көрсетті.
Көрме барысында өнер иелерінің еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Туындыларын көпшілік назарына ұсынған суретшілерге Құлсары қаласы әкімінің атынан Алғыс хаттар табысталды.
Көрмеде қонақтар мен өнерсүйер көрермен ұсынылған туындыларды тамашалап, суретшілермен пікір алмасты. Әр картина мен қолөнер бұйымынан қалаға деген ыстық ықылас, туған жерге деген перзенттік махаббат сезілді. Құлсарының 25 жылдығына арналған бұл көрме қаланың тек әлеуметтік-экономикалық жетістіктерімен ғана емес, мәдениеті мен өнері арқылы да қалыптасып келе жатқанын көрсеткен мәнді шаралардың бірі болды.
Ә. Қази



