Кәсіпке бастар жол

Аудандағы жұмыссыз жастарды қолдап, олардың өмірлік бағытын айқындап, кәсіби тұрғыда дамуына жол ашуды мақсат еткен «Өзгеріс» жобасы биыл да өз жалғасын табуда. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асып жатқан бұл бастама өзінің тиімділігін көрсетіп, нақты нәтижелерге қол жеткізуде. Өткен жылы жоба аясында 30-ға жуық жас қамтылып, олар төрт түрлі мамандық бойынша білім алған еді. Ал биылғы жылы бағдарламаға 10-нан астам қатысушы тартылып, екі бағыт бойынша кәсіби оқыту жүргізілуде.

2025 жылы ер азаматтар дәнекерлеу және жиһаз жасау ісін меңгерсе, қыз-келіншектер визажист пен шаштараз мамандығы бойынша білімдерін жетілдірген. Жобаның басты жетістігі – қатысушылардың еңбек нарығында өз орнын таба бастауы. Мәселен, курс аяқталған соң үш жас өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып үлгерген. Солардың бірі – Алтынгүл Оразаева. Ол жобаға қатысып, макияж мамандығын игерген.

– Мен негізі маникюр шеберімін. Қазір макияж жасауды қосымша табыс көзі ретінде қолға алдым. «Өзгеріс» жобасының берері мол. Себебі мұнда тегін білім алып қана қоймай, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік бар. Бұл – үлкен қолдау. Осындай қысқа мерзімді курстардың арқасында жастар өз нәпақасын таба алады деп сенемін. Осындай бағдарламаны ұйымдастырып, мүмкіндік беріп отырған Жастар ресурстық орталығына алғысым шексіз. Жоба әрі қарай да дами берсін, – дейді ол. 

«Өзгеріс» жобасы – тек белгілі бір кәсіпті меңгертуді мақсат ететін қарапайым оқу бағдарламасы емес. Бұл – жастардың бойына сенім ұялатып, оларды жаңа мүмкіндіктерге жетелейтін, өмірге деген көзқарасын өзгертетін маңызды бастама. Еңбекке бейім, алға ұмтылған әрбір жас үшін жоба өз қабілетін шыңдап, табысқа бастар жолды айқындауға мүмкіндік береді. 

Бүгінде жобаға қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, аптасына үш рет тұрақты түрде білім алып жатыр. Сабақ барысында олар тек теориялық мәліметпен шектелмей, тәжірибелік дағдыларын да жетілдіруде. Бұл өз кезегінде олардың таңдаған мамандығын тереңірек меңгеруіне жол ашады. 

Жастар ресурстық орталығының маманы Жансұлу Алпысбаева жобаның маңыздылығына ерекше тоқталып, бүгінде жастар арасында үлкен сұранысқа ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, биыл жобаға қатысуға ниет білдірушілердің саны айтарлықтай артқан. Бұл жастардың еңбекке деген ынтасының, жаңа кәсіп үйренуге деген қызығушылығының айқын көрінісі. 

– Жоба аясында қатысушылар бір ай бойы білім алады. Биыл біз екі бағытты – шаш қию және тігін ісін таңдадық. Себебі бұл салаларға жастар арасында сұраныс жоғары. Әрине, мамандық санын көбейтуге болар еді, алайда бұл бөлінген бюджетке байланысты. Жобаның басталуы туралы ақпаратты әлеуметтік желілерде жариялаймыз. Үміткерлер құжаттарын онлайн түрде тапсырады. Қазіргі таңда оқу процесінің екінші аптасы басталып кетті. Негізгі мақсатымыз – жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтуға ықпал ету. Яғни, олар алған білімдері арқылы өздерін жұмыспен қамтамасыз ете алуы тиіс, – дейді маман. 

Расында да «Өзгеріс» жобасының басты ерекшелігі – жастарды тек оқытып қана қоймай, оларды нақты нәтижеге бағыттауында. Қатысушылар оқу барысында алған білімдерін тәжірибеде қолданып, болашақта жеке кәсіп ашуға немесе белгілі бір салада тұрақты табыс табуға мүмкіндік алады. 

Жобаны аяқтағаннан кейін барлық қатысушыларға арнайы сертификат табысталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Өзгеріс» жобасы алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын табады. Бұл бастама талай жастың өміріне оң өзгеріс әкеліп, олардың болашаққа деген сенімін нығайтатын игі жоба ретінде өз маңызын арттыра бермек. 

А. Мейрамбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT