Көше келбеті көркейіп келеді

Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов қала аумағындағы бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан құрылыс және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Аралау барысында тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың сапасы мен мерзімінде орындалуына ерекше назар аударды.

Аудан басшысы алдымен 3-ші ықшам ауданда жаңадан салынып жатқан аллеяның құрылыс жұмыстарын қарап шықты. Демалыс орны ретінде тұрғындарға қызмет ететін нысанда қазіргі таңда абаттандыру, көгалдандыру және инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты әкім мекеме өкілдеріне құрылыс сапасын қатаң сақтап, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін тапсырды. Бұл ретте Атырау ықшам ауданында жүргізіліп жатқан көше жарығын орнату жұмыстары да назардан тыс қалмады. Еске салсақ, мұнда түнгі уақытта тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа жарық шамдары орнатылып, электр желілері жаңартылуда.

Аудан басшысы аралау кезінде жаяу жүргіншілер жолдары мен веложолдардың жағдайын да арнайы тексерді. Қазіргі таңда қаламызда тұрғындардың қауіпсіз әрі еркін қозғалысына қолайлы жағдай жасау мақсатында тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, жолдардың сапасы мен қолжетімділігіне аса мән берілуде. Соған сәйкес жолдарды жарықтандыру мәселесі де жүйелі жүзеге асуда. Бұдан бөлек, аудан әкімі бірнеше мектептің автотұрақтарының жай-күйін қарады. Бұл тұста білім беру мекемелерінің маңындағы көлік қозғалысын реттеу, ата-аналар мен оқушыларға қолайлы жағдай жасау бағытында бірқатар ұсыныстар айтылып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктелді. Иә, қазіргі таңда көп қабатты үйлердің сыртқы келбетін жаңарту, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – 5 ықшам аудандағы көп қабатты тұрғын үй. Бұл баспаналарға да әкім арнайы барып, жұмыстардың сапалы жалғасуын тапсырды. Аралау барысында анықталған кемшіліктер бойынша жауапты сала мамандарына нақты міндеттер жүктеліп, жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігі ескертілді. 

Жасыратыны жоқ, бүгінде аудан аумағында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүзеге асуда. Мұның барлығы жылыойлықтардың тұрмыс сапасын арттырып, заманауи әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдар. Тек сол жұмыстардың тиімді әрі сапалы жүзеге асуы басты назарда болуы тиіс. Өйткені халық игілігі үшін қолға алынған әрбір жоба тұрғындардың күнделікті өміріне оң әсер етіп, ауданның дамуына серпін беруі қажет. Аудан басшысының қала ішін аралау жұмыстарын жиі ұйымдастырудағы негізгі мақсаты да осы еді. 

Д.ДЕРБІС

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT