Бүгін Исатай–Махамбет алаңында 14 наурыз – Көрісу күніне арналған «Дәстүр дәнекері – Амал мерекесі» атты мәдени-көпшілік іс-шара өтті. Мерекені Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы және мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы өткізді.
Концерттік бағдарламаға Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры мен Атырау «Жастар» театрының актерлары, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі, Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония әншілері, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері және би ұжымдары қатысты. Кештің арнайы қонағы – «МузАрт» тобы, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Көрісу күні – қыстан аман-есен шыққан халықтың көктемге аяқ басқанын атап, бір-бірімен қол алысып, төс қағысып қарсы алатын мереке. Шара қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ұлттық дәстүр мен мәдениеттің сабақтастығын тағы бір мәрте дәлелдеді.



