Қазақтың дәстүрлі қолөнерін дәріптеген «Көшен көрпе» жобасы ел есінде қалған айтулы бастамалардың бірі болды. Астана қаласында өткен жобаға ауданымыздан 18 құрақшы қатысып, ұлттық өнерге негізделген ауқымды іске атсалысты. Нәтижесінде 1000 көрпе мен 1000 жастық әзірленіп, әлемдік рекорд үш дүркін жаңартылған еді.
Ел көлеміндегі осындай үлкен жобаға қатысқан жылыойлық шеберлердің еңбегін ауданымызда да атап өтіп, оларға құрмет көрсету рәсімі ұйымдастырылды. Бұл ұлттық өнерді ұлықтап жүрген жандарға көрсетілген аудандық деңгейдегі ерекше ілтипаттың көрінісі болды.
Марапаттау рәсімінде 18 құрақшының әрқайсысына арнайы құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды. Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова шеберлерді айтулы жетістіктерімен құттықтап, марапаттарын өз қолымен тапсырды. Құрақшылардың кеудесіне алтын медаль тағылып, арнайы ордендер де табысталды.
Құрақ – қазақтың тұрмысымен біте қайнасқан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнер. Әр қиындыны үйлестіріп, тұтас дүниеге айналдыратын бұл өнердің мәні де осында. «Көшен көрпе» жобасы сол дәстүрдің бүгінгі күндегі жалғасын көрсетіп, ұлттық өнердің ауқымын кеңінен танытты.
Ал Жылыойдан барған 18 құрақшының бұл жобаға қатысуы аудан шеберлерінің де осындай ірі бастамалардың қатарынан табыла алатынын көрсеткен маңызды қадам. Оларға табысталған марапат – ұлттық өнерге деген құрметтің белгісі. А.Ерденқызы



