Көлік ағынының негізгі бөлігін өткізетін Ұлықпан Әбдірахманов көшесінің бойында орналасқан көпір құрылысы қайта жанданбақ. Өткен жылдың маусым айында басталған күрделі жөндеу жұмыстары бұған дейін аяқсыз қалып, көлік қозғалысына кедергі келтірген еді. Оған қаламыздағы көпір құрылысына жеңімпаз болып танылған «Марстрой» мердігер мекемесі себеп. Жоба қарқынын баяулатып, жөндеу жұмыстарын межелі уақытта аяқтамаған компаниямен бүгінде келісім шарт біржақты үзілген.
Қаламыздың артериялық көшесі болып саналатын орталық көпірдің қазіргі жай-күйі тым нашар. Бұл жерден шашылған темір-терсектерден бөлек, жиналған лай су мен қоқыс қалдықтарын, тіпті, жұмысшылардың үйілген қолғаптарын көруге болады. Көктемгі су келер уақыт жақын. Оның үстіне биыл Құрсай өзегіне су жіберілетін болса жағдайдың қандай болары белгісіз. Жоспар бойынша 4 айда бітуі керек болған нысанның жергілікті халықтың көкейтесті сұрағына айналғаны да осыдан. Нысанның жалпы сметалық құны 330 миллион теңгені құрайды. Алайда «Марстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бөлінген қаражаттың небәрі 40 миллион теңгесін ғана игерген. Бүгінде негізсіз тоқтатулардың көбеюіне байланысты аудан әкімдігі келісім шартты біржақты тәртіппен бұзды. Қазіргі таңда іс сотқа жолданған. Ал аяқталмаған жұмыстардың сметалық есебі қайта жасақталып, жоба мемлекеттік сатып алу порталына кері жарияланған. Бұл туралы аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Алмас Саматов:
- Аталған мердігер мекеме 2025 жылдың ақпан айында мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жарияланған байқау нәтижесінде анықталып, келісім шарт наурыз айында жасалды. Сәйкесінше жұмыс өткен жылдың қазан айында аяқталуы тиіс еді. Бірақ мердігер мекеме тарапынан осындай мәселе орын алды. Қазіргі таңда көпірге күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға қайта жеңімпаз анықталып, құжаттар рәсімделуде. Атап айтсақ, істі «Бука» ЖШС қолға алмақшы. Бүгінде құрылыс алаңында, яғни, көпірдің екі жақ бөлігіне 66 дана қада орнатылған. Ал бір жақ бөлігіне арматура орнату мен бетон құю жұмыстары жүргізілді,-дейді ол құрылыс жұмыстарының қай кезеңде тұрғанымен бөлісіп.
Жылыой жұрты жақсы білетіндей, 2024 жылғы көктемгі тасқын су салдарынан өткен жылы Құрсайға су жіберілмеді. Дегенмен биыл мұнда су келуі әбден мүмкін. «Егер мердігер жер асты жұмыстарын аяқтап, бетондау және көпір колонналарын тұрғызу кезеңіне, яғни, беткі қабатына дейін үлгерсе, онда су келуі қауіп төндірмейді. Бір ай уақыт көлемінде бұл іс өз шешімін табады» дейді мамандар. Ал жөндеу жұмыстарының мерзімі созылған жағдайда орнатылып тұрған қадалардың жарамсыз күйге түсу қаупі бар. Бұл өз кезегінде қосымша қаржы мен уақыт шығынына алып келуі мүмкін.
Көпірді толық жөндеу жұмысы шамамен 4 айға созылмақ. Соған сәйкес нысан алдағы жаз айларында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ




