Мал шаруашылығымен айналысып, ауласына бақша егіп күн көріп отырған Қосшағыл ауылдық округінің бірінші ауыл тұрғындары үшін техникалық су құбырының тартылуы – көптен күткен игілікті бастама. Бұл жоба тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, бау-бақша мен қосалқы шаруашылықты дамытуға жаңа мүмкіндік бермек.
Қазіргі таңда Қосшағыл ауылдық округіне техникалық су құбырын тарту жұмыстарына дайындық қарқынды жүргізілуде. Осы мақсатта ауыл әкімдігі «Атырау Жарық» ЖШС, «Жылыойгаз», «Жылыойсу» және «Қазақтелеком» АҚ мамандарымен бірлесіп, құбыр жүргізілетін аумаққа кешенді зерделеу жұмыстарын өткізді. Мамандар инженерлік желілердің орналасу сызбаларын қарап, су құбыры өтетін бағыттарды мұқият тексерген. Нәтижесінде жаңа техникалық су құбырының қолданыстағы газ, ауыз су, электр және байланыс желілеріне қауіп төндірмейтіні анықталған. Қосшағыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Абылайхан Тлепиевтің айтуынша, техникалық су құбырының негізгі бағыты ауыл әкімдігі мен жергілікті тұрғындардың ортақ келісімі негізінде белгіленген.
– Тұрғындарды техникалық сумен қамту мүмкіндігін кеңейту мақсатында демеушілердің қолдауымен ұзындығы 6,4 шақырым болатын пластикалық құбыр сатып алынды. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары бұл құбырларды өз күштерімен тарту және монтаждау жұмыстарын бастауға дайындалып жатыр. Дегенмен, 6,4 шақырым пластикалық құбыр ауыл аумағын толық көлемде қамтуға жеткіліксіз. Сондықтан қалған көшелерді техникалық сумен қамтамасыз ету мәселесі алдағы уақытта кезең-кезеңімен қарастырылатын болады,-деді ол өз сөзінде.
Ауыл тұрғындары бұл жобаның тек техникалық су мәселесін шешіп қана қоймай, елдің ауызбіршілігін арттыратын ортақ іске айналғанын айтады. Мамандардың қорытындысы мен рұқсатын алғаннан кейін құрылыс жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес басталмақ. Сонымен қатар жоба аясында ұзақ жылдар қызмет ететін, тот баспайтын әрі шірімейтін заманауи пластикалық құбырлар пайдаланылмақ. Бұл бастама – өзге өңірлер мен ауылдарға үлгі боларлық іс. Мемлекетке қол жаймай, өз мәселесін заң шеңберінде, қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып шешу — нағыз азаматтықтың белгісі. Алдағы уақытта тұрғындар белгіленген қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып, жер қазу және құбыр жалғау жұмыстарын бастамақ.
Айта кетейік, бүгінде Қосшағыл ауылы «Құлсары – Теңіз» магистральдық су құбыры арқылы техникалық сумен тұрақты қамтамасыз етіліп келеді. Бұл игі іс «Теңізшевроил» ЖШС-нің демеушілігімен жүзеге асырылуда. Техникалық су жыл сайын 15 сәуір мен 15 қазан аралығында беріледі. Бекітілген кестеге сәйкес ауылға ай сайын 20 мың текше метр техникалық су жеткізіледі.
Қазіргі таңда техникалық су Қосшағыл ауылындағы шаруа қожалықтарына арнайы ағызғыштар арқылы алдын ала бекітілген кезектілікпен үлестірілуде. Мамандардың сөзінше, бұл жүйе ауыл тұрғындарының қосалқы шаруашылығын дамытуға, мал суаруға және бау-бақша өнімдерін өсіруге қолайлы жағдай жасап отыр.
А.Махамбетова



