11 қыркүйек күні Қосшағыл селосында ауыл тұрғындарының қатысуымен маңызды кездесу өтті. Жиын барысында ауыл тіршілігі мен шаруашылығына тікелей қатысты өзекті мәселелер мен мемлекеттік қолдау бағдарламалары кеңінен сөз болды. Басқосуда Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің инспекторы Айтжан Нұрмаш арнайы сөз сөйлеп, тұрғындарға маңызды ақпараттарды жеткізді.
Ол ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялау бағыттары жөнінде егжей-тегжейлі тоқталып, жергілікті шаруаларға көрсетілетін мемлекеттік көмек пен жеңілдіктер алудың жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу, есепке алу және есептен шығарудың нақты тәртібі мен заңдылықтарын баяндап берді. Кездесудің ең түйткілді тақырыптарының бірі – бақылаусыз мал жаю мәселесі болды. Бүгінде қараусыз қалған ауыл шаруашылығы жануарлары автожолдар мен теміржолдарға шығып кетіп, қауіпті апаттық жағдайлар туғызуда. Мұндай келеңсіз оқиғалардың салдарынан тұрғындар мен жүргізушілердің зардап шегіп, денсаулығы мен өміріне қауіп төнетіні ашық айтылды. Осыған байланысты инспектор ауыл тұрғындарын мал жаю ережелерін қатаң сақтауға және төрт түлікке жауапкершілікпен қарауға шақырды. Кездесу соңында ауыл тұрғындары көкейкесті сауалдарын қойып, мамандардан дәйекті жауаптар алды. Жергілікті халықтың құқықтық және салалық сауаттылығын арттыруға бағытталған бұл басқосу ауыл азаматтары үшін өте пайдалы болды.
Ж.НЫҒМЕТ



