Қолжетімді баспана

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты баспана мәселесімен тығыз байланысты екенін атап өткен еді. Расында да бүгінгі заманда үй алу оңай шаруа емес. Ол адамның табысына және өз күшіне қаншалықты сенімді екеніне байланысты. Сондықтан мемлекет үшін халықтың табысын арттыру, баспанаға қолжетімділікті көбейту және тұрғын үй саясатын жақсарту өте маңызды. Егер бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізілсе, қоғамда тұрақтылық артып, адамдардың өмір сүру деңгейі де жақсара түсері сөзсіз.

Қазақтың «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деген даналығы бүгінгі қоғамда айрықша мәнге ие болып отыр. Шынында да, баспана – әр отбасының берекесі мен тұрақтылығының негізі. Алайда қазіргі таңда өз үйіне қол жеткізу оңай соғып тұрған жоқ. Тұрғын үй бағасының қымбаттауы мен халық табысының сәйкес келмеуі қарапайым азаматтарға айтарлықтай қиындық туғызуда. Маңдай терімен тапқан табыс көбіне күнделікті шығын мен пәтерақыдан артылмайды. Сондықтан көпшілік ипотека рәсімдеп, несие алып немесе қосымша жұмыс істеп қана баспанаға қол жеткізуге тырысады. Бұл ретте мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да аз емес. Бүгінде түрлі тұрғын үй бағдарламалары жүзеге асырылуда. Алайда кезекте тұрған азаматтар саны азаймай отыр. Осыдан-ақ тұрғын үй мәселесі әлі де өзекті екенін аңғаруға болады.

Иә халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қашанда маңызын жоғалтқан емес. Бұл бағытта жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар да баршылық. Мемлекет үй кезегінде тұрған халықтың табысына, санатына қарай баспаналы болуына барынша мүмкіндік жасап келеді. Былтыр «Наурыз» бағдарламасы арқылы мыңдаған адам баспанаға қол жеткізсе, « Наурыз жұмыскер» бағдарламасы арқылы бірнеше мың адам үйлі болған.

Мамандардың айтуынша, «Наурыз» бағдарламасы арқылы азаматтар алдын ала ақша жинап, кейін төмен пайызбен несие ала алады. Бұл ай сайынғы төлемді жеңілдетіп, қаржылық жүктемені азайтады. Сондай-ақ биыл бұл бағдарламаға өтінім қабылдау 10 наурыздан басталған болатын. Өтінімді otbasybank.kz сайты арқылы онлайн бере алады.

Ал «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы өндірісте жұмыс істейтін азаматтарға арналған. Яғни зауыт, фабрика сияқты орындарда еңбек ететін адамдар үшін баспана алу мүмкіндігі жеңілдетіледі. Шарттары да қарапайым. Қатысушы жұмыс орнынан анықтама алып, банк бөлімшесіне өтініш беру керек.

Сонымен қатар мамандар биылдан бастап тұрғын үй саясаты жаңарып, үй кезегінде тұрғандардың баспаналы болуы бұрынғыдан да жеңілдетілетінін айтып отыр. Осы тұста «Отбасы банкінің» қызметі кеңейтіліп, жұмысы жеделдей түспек. Енді «Отбасы банк» Ұлттық Банк даму институты деген жаңа мәртебеге сай қайта құрылмақ. Барлық өңірдің жүйесі бірыңғай республикалық электронды базаға көшіріледі. Ол үшін тұрғын үй кезегінде тұрған Қазақстан азаматтары, қандастар туралы мәліметтер жаңа Ұлттық даму институтына жолданатын болады.

Одан бөлек, биылдан бастап жаңа өзгеріс күшіне енеді. Егер азаматтың меншігінде тұрғын үйдің үлесі болса да, ол мемлекеттік бағдарламаларға (жылдық мөлшерлемесі 2%-дан басталатын ипотека) қатыса алады.

«Отбасы банктің» жергілікті филиалында қызу тірлік. Бұл жерге бас сұғатындардың бар мақсаты - баспаналы болу. Үлкен үмітпен келген талай отбасы қуанышқа кенеліп, қоныстойын тойлауда. Облыс әкімдігі мен «Отбасы банктің» облыстық филиалы бірлесіп, тұрғын үй мәселелерін шешуге бағытталған өңірлік бағдарламаның бірі - «Атырау жастары».

 Бағдарлама аясында биыл қаңтарда үйінің кілтін алған аудан тұрғыны – Гүлжазира Ерболқызы. Ол «Атырау аудан жастары» бағдарламасы арқылы мемлекеттік қызметкер санаты бойынша үйлі болған.

- Жалдамалы пәтерде тұрған соң өз баспанамыздың болғанын қатты қаладым. Жас отбасы болған соң үйге мұқтаждық бар еді. Бағдарламаның бар екенін естіп, құжаттарымды дайындап, рәсімдедім. Ұсынысым қолдау тауып, арнайы Атырау қаласына жолдама берілді. Әрі қарай жасалатын қадамдардан өтіп, үй таңдауға кірістік. Екінші нарықтағы үйлерді таңдау мүмкіндігі бар екенін де ескертті. Жеке шотымызда алатын үйдің алғашқы жарнасы ретінде 10 пайыз қаражат жинадық. Алайда өзімнің жалақым жетпеген соң қасыма гарант адамды алып бардым. Сол арқылы бастапқы жарнаны толық өтедік. Қазір ай сайын айлығымның жартысын баспанаға төлеп отырмын, күнделікті ішіп-жемге де жетеді. Үстіне қосылатын пайыз да көп емес. Бұл — үлкен көмек. Баспананы 13 жылға алдым. Бағдарламаның тиімділігі осында деп ойлаймын. Бірақ менде бір ұсыным бар. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы аз. Сондықтан бағдарламаның шартындағы бастапқы жарнаны жинауға мүмкіндіктеріміз жоқ. Болашақта мемлекеттік қызметкерлерге алғашқы жарнасыз, тек жалақыны есепке ала отырып ипотека рәсімдеуге мүмкіндік беретін бағдарламалар болса деймін. Шарт бойынша 50/50 үлгісі бізге ауыр, өйткені алатын айлығымыз аз,-деді ол өз сөзінде. 

Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көргендердің тағы бірі Жұлдызай Мырзаянқызы. 3 баланың анасы 2023 жылы «Бақытты отбасы Атырау» бағдарламасы арқылы 2 бөлмелі пәтерге ие болған. Кейіпкеріміз мұндай бағдарламалардың пайдасы мол екенін айтып, тиімділігіне тоқталды.

 - Баспана мәселесі көптеген отбасы үшін өзекті. Мен де түрлі де түрлі ипотекалық бағдарламаларды зерттеп, тиімді жолдарын қарастырдым. 2023 жылы Атырау қаласы әкімдігінің қолдауымен «Бақытты отбасы Атырау» бағдарламасы арқылы баспанаға қол жеткіздім. Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі – бастапқы жарна талап етілмейді, ал несие мөлшерлемесі небәрі 5 пайызды құрайды. Ең тиімді тұсы да – пайыздық үстеменің төмендігі. Осындай жеңілдетілген шарттар көптеген отбасыларға үлкен көмек болды,- дейді ол.

Жұлдызайдың айтуынша, ай сайын жалдамалы пәтерге қомақты қаржы жұмсағаннан гөрі, сол қаражатты өз баспанасына бағыттау әлдеқайда тиімді. Осыған байланысты ол мұндай бағдарламалардың әлеуметтік маңызы зор екенін атап өтеді. Әсіресе жас отбасылар үшін қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларының санын арттыру қажет деп санайды. 

Иә баспананың жоқтығы талай шаңырақтың шайқалуына себеп болып жататыны да өтірік емес. Сондықтан да мемлекет тарапынан тиімді әрі қолжетімді бағдарламалар саны артып, шарттары жеңілдетілсе, көптеген отбасының баспаналы болуына мүмкіндік арта түсері анық. 

А. Махамбетова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT