Таяуда ауданымызда пробация есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Спорт – тәртіп пен бірліктің белгісі» атты спорттық сайыс өтті. Жергілікті прокуратураның бастамасымен, сондай-ақ аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға пробация есебінде тұрған 30-ға жуық азамат қатысып, өзара бақ сынасты.
Қатысушылар 100 метрге жүгіру, үстел теннисі және дойбы секілді бірнеше спорт түрлері бойынша күш сынасып, ептілік пен төзімділіктерін көрсетті. Жарыс барысында қатысушылардың белсенділігі мен ынтасы ерекше байқалып, олардың қоғам өміріне бейімделуге деген талпынысы анық көрінді. Бұл туралы аудандық прокуратураның прокуроры Нариман Бисенғалиев:
- Мұндай іс-шаралар тек жарыс ретінде ғана емес, маңызды әлеуметтік тетік ретінде де ұйымдастырылады. Бұл жолы спорттық додаға ерлер де, әйелдер де қатысты. Доданың басты мақсаты – пробация есебіндегі азаматтар арасында қайталама қылмыстың алдын алу, оларды қоғамға бейімдеу және экономикалық тұрғыдан белсенді ортаға тарту,-дейді өз сөзінде.
Ал аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.
– Пробация есебінде тұрған азаматтармен бүгінге дейін түрлі спорттық жарыстар бірлесе ұйымдастырылып келеді. Негізінен жергілікті әкімдік тарапынан бұқаралық спорттық шараларға ерекше мән берілетінін жасырмау керек. Алайда мұндай жарыстарға аталған азаматтар да міндетті түрде қатысады. Сонымен қатар біз оларды волейбол, баскетбол секілді командалық спорт түрлеріне де тартып, әр командаға 2-3 спортшыдан қосып, ойындарға қатыстырып жүрміз,- дейді ол пробация есебінде тұрған азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыратынын жеткізіп.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, спорттық шаралар дене шынықтырудан бөлек, тәртіпке баулудың, жауапкершілікті арттырудың және ұжымдық рухты қалыптастырудың тиімді құралы. Әсіресе пробация есебінде тұрған азаматтар үшін мұндай бастамалар олардың қоғамға қайта сіңісуіне, өз орнын табуына және өмірге деген көзқарасын өзгертуіне оң әсерін тигізеді.
Қазіргі таңда ауданда пробация есебінде 150-ге жуық азамат тіркеуде тұр. Оларға спорттық іс-шаралар алдағы уақытта тұрақты түрде жалғасын табады деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және азаматтардың өмір сапасын арттыруға ықпал етпек.
Д.ДЕРБІС



