Коалиция жетекшісі Сайлаубай Таласов бастаған коалиция мүшелері Амангелді Сатыбалдиев пен Асқар Төремұратов Тұрғызба мәдениет үйі ұжымымен кеңейтілген форматта кездесу өткізді. Басқосу барысында ел дамуының стратегиялық бағыттары, алдағы маңызды саяси науқанның мәні мен маңызы және азаматтардың белсенді ұстанымының рөлі жан-жақты талқыланды.
Жиын кезінде қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, бірлік пен ынтымақты нығайту, мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бастамалардың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, тұрғындардың пікірін тыңдап, ұсыныстарын ескеру басты назарда болды.
Кездесу ашық диалог алаңында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Пікір алмасу барысында мәдениет саласының қызметкерлері ел болашағына бейжай қарамайтындықтарын білдіріп, қоғамдық бастамаларды қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.
Іс-шараға 20-дан астам адам қатысып, белсенділік танытты. Мұндай мазмұнды кездесулер халық пен коалиция арасындағы байланысты нығайтып, ортақ мақсатқа жұмыла әрекет етуге негіз болатыны атап өтілді.




