Қоғамдық кеңістіктер – келешектің игілігіне

Құлсары қаласында «Qogamdyq Keńistikter» жобасы аясында тұрғындардың бастамасымен жүзеге асқан бес жаңа қоғамдық кеңістік ашылды. Нысандар балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен шұғылдануына және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Жобаның басты ерекшелігі – қоғамдық кеңістіктердің жергілікті тұрғындардың ұсыныстары мен нақты қажеттіліктері негізінде құрылуы. Тұрғындар идея ұсынудан бастап, жобаны жүзеге асыру және кейінгі күтіміне дейінгі үдеріске белсенді қатысады. Жоба аясында қала аумағында тұрғындардың бастамасымен барлығы 16 қоғамдық кеңістік ашу жоспарланған. Олардың қатарында балалар және спорт алаңдары, демалыс орындары мен тұрғындардың күнделікті қажеттілігіне арналған басқа да қоғамдық нысандар бар. Соның алғашқы бесеуі «Серпін» воркаут алаңы, «Жасыл алаң» спорттық-ойын кешені, «Nur bala» және «Инабат» балалар ойын алаңдары, сондай-ақ «Тәннің саулығы - жанның саулығы» волейбол алаңы. Әр нысан сол аумақта тұратын тұрғындардың қажеттілігі ескеріле отырып жүзеге асырылған. Мәселен, «Жасыл алаң» спорттық-ойын кешенінде баскетбол және волейбол алаңдары, балалардың ойын аймағы мен воркаут алаңы бір кеңістікте тоғысқан. Ал «Тәннің саулығы – жанның саулығы» жобасы тұрғындар арасында бұрыннан қалыптасқан спорттық орынды жаңартып, оның мүмкіндігін кеңейтуге бағытталды. Балаларға арналған жаңа ойын алаңдары да жергілікті тұрғындар үшін маңызды өзгерістің бірі болды. Солардың қатарында «Nur bala» балалар ойын алаңы бар.

-Бұған дейін балаларды ойнауға басқа жақтағы алаңдарға апаратынбыз. Кейде таксимен баруға тура келетін. Өзіміз тұратын жерде балаларға арналған жақсы алаң болса деп көптен күттік. Жоба туралы білген кезде тұрғындар бірден қолдады. Ең бастысы – енді балалар алысқа бармай-ақ, өз ауласында ойнай алады,-дейді Құлсары қаласының тұрғыны, жоба қатысушысы Айгүл Түленғалиева. Жаңа алаңның тағы бір ерекшелігі – тұрғындардың өз ұсынысы негізінде пайда болуы. Бұл жергілікті қауымдастықтың өз аумағын дамытуға белсенді араласуына және ортақ кеңістікке деген жауапкершіліктің артуына мүмкіндік береді. Жалпы «Qogamdyq Keńistikter» жобасы 2019 жылдан бері тұрғындардың бастамаларын қолдап келеді. Осы уақытқа дейін жоба аясында 230-дан астам нысан жүзеге асырылып, оған 4 мыңнан астам тұрғын қатысқан.

Жоба аясындағы бастамалар балалар және спорт алаңдарымен ғана шектелмейді. Тұрғындардың ұсыныстары негізінде саябақтар, демалыс орындары, көпірлер, аялдамалар және өзге де қоғамдық кеңістіктер жаңартылып, абаттандырылып келеді. Құлсарыда биыл жоспарланған қалған қоғамдық кеңістіктер де кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.

 

А.Талапкер

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT