Ауданда отбасы-тұрмыстық саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшеюде. Осыған байланысты аудандық полиция басқармасының профилактикалық кабинетінде мобильдік топ мүшелерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қолайсыз отбасылармен жұмысты жандандыру және құқық бұзушылықтың қайталануына жол бермеу мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиынға аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Арман Нәсіпкерей, Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторлары, полиция майоры Ырысты Мұханова мен полиция майоры Жазира Молдабаева, сондай-ақ Отбасын қолдау орталығының мамандары, мобильдік топ мүшелері және ауылдық округ әкімдері қатысты. Кездесу барысында отбасындағы жанжалдардың шығу себептері, психологиялық қысым көрсету, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі, сондай-ақ құқық бұзушылыққа бейім азаматтармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстар сөз болды. Соңғы жылдары елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында заңнамалық өзгерістер енгізіліп, жауапкершілік күшейтілуде. Сарапшылардың пікірінше, құқық бұзушылықтың алдын алуда тек жаза емес, түсіндіру мен алдын алу жұмыстары да маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты жиында мобильдік топтардың жұмысына ерекше назар аударылды. Өйткені қиын жағдайға тап болған отбасылармен тікелей байланыс орнату, олардың әлеуметтік жағдайын бақылау және дер кезінде көмек көрсету – құқық бұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Бұдан бөлек басқосуда учаскелік инспекторлар, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтардың өзара байланысын күшейту мәселесі көтерілді. Сонымен қатар профилактикалық есепте тұрған азаматтармен жүйелі жұмыс жүргізу, қорғау нұсқамаларын шығару, ерекше талаптарды түсіндіру және қолайсыз отбасыларды тұрақты бақылауда ұстау бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Қатысушылар тұрмыстық жанжалдар көп жағдайда ішімдікке салыну, жұмыссыздық, әлеуметтік қиындықтар мен отбасындағы жауапсыздық салдарынан туындайтынын атап өтті. Ал тәртіп сақшылары іс-шара аясында күшейтілген режимде жұмыс істеп, қолайсыз отбасылар мен есепте тұрған тұлғалардың тұрғылықты мекен-жайларын аралады. Сонымен қатар тұрғындарға заң талаптары түсіндіріліп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары туралы кеңінен ақпарат берді. Зорлық-зомбылықтың кез келген түріне физикалық, психологиялық, экономикалық немесе моральдық қысымға қоғам болып қарсы тұру қажет. Себебі мұндай жағдайлар балалардың психологиясына кері әсер етіп, отбасының берекесін бұзады. Егер өзіңіз немесе жақындарыңыз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болса, онда үнсіз қалмаңыз. Қауіпсіздік пен көмек сұрау – әр азаматтың құқығы.
Айта кетейік, таяуда аудан көлемінде «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Аталған шараның мақсаты отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, құқық бұзуға бейім тұлғаларды анықтау, профилактикалық есептегі азаматтарды тексеру және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
А.ЕРДЕНҚЫЗЫ



