1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілеріне арналған «Балалық шақ – бақыт мекені» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Азаматтық орталықтың бастамасымен «Біз таңдаған жол» жобасы аясында өткен шараға 10 күміс волонтер мен 40-қа жуық тәрбиеленуші қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – балалардың мерекелік көңіл-күйін көтеру, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға қолдау көрсету, қоғамның қамқорлығы мен жанашырлығын сезіндіру, сондай-ақ бос уақыттарын тиімді әрі мазмұнды ұйымдастыру болды.
Мерекелік бағдарлама барысында балалар үшін арнайы шығармашылық және танымдық шеберлік сағаттары өткізілді. Қатысушылар сурет салу, құммен бейнелер жасау және қыштан түрлі бұйымдар дайындау секілді қызықты жұмыстармен айналысты. Әр алаң балалардың қиялын ұштап, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, жаңа дағдыларды меңгеруге және өз мүмкіндіктерін еркін көрсетуге жағдай жасады.
Шеберлік сағаттарына қатысқан балалар өз қолдарымен жасаған туындыларын таныстырып, ерекше әсерге бөленді. Танымдық әрі дамытушылық бағыттағы бұл жұмыстар олардың қызығушылығын арттырып, өнер мен қолөнерге деген сүйіспеншілігін нығайта түсті.
Шара соңында күміс волонтерлер тәрбиеленушілерге арнайы сыйлықтар табыстап, ақжарма тілектерін жеткізді. Балалардың жүзіндегі шаттық пен көтеріңкі көңіл-күй мерекенің басты нәтижесіне айналды.
Осындай игі бастамалар балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына ықпал етіп, қоғамдағы қамқорлық пен мейірімділіктің маңызын айқындай түседі. «Балалық шақ – бақыт мекені» атты мерекелік шара да өз мақсатына жетіп, қатысушыларға жарқын әсер мен ұмытылмас естеліктер сыйлады.



