Жуырда жылыойлықтар үшін тағы бір маңызды әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Қаламыздағы Махамбет даңғылы бойында бой көтерген жаңа демалыс орны «Барлау-бұрғылау ардагерлеріне» арналып, саябақ ресми түрде есігін айқара ашты. Енді бұл нысан мұнайлы өңірдің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан барлаушы-бұрғылаушылардың еңбегін ұлықтауға арналған ерекше орын болмақ.
Жалпы аумағы 0,5 гектарды құрайтын саябақ тұрғындардың тынығып, серуендейтін орны ғана емес, сонымен бірге аудан тарихын кейінгі ұрпаққа танытатын тағылымды мекенге айналмақ. Саябақ аумағында 220 түп қылқан жапырақты ағаш отырғызылып, олардың тұрақты өсіп-жетілуін қамтамасыз ету үшін заманауи тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Бұл жүйе су ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, көшеттердің жерсінуіне де оң әсер етері сөзсіз. Келушілердің жайлы демалысы үшін аумаққа 30 орындық қойылып, кешкі уақытта саябақтың сәнін келтіретін 45 жарық шамы орнатылған. Сонымен қатар мұнда барлаушы-бұрғылаушылардың ерен еңбегін бейнелейтін мүсіндік композициялар мен мемориалдық тақталар орналастырылған. Алдағы уақытта мұнда қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында бейнебақылау камераларын орнату жоспарланып отыр.
Жаңа саябақтың ашылуы өңірдің өндірістік тарихымен тығыз байланысты. Себебі Жылыой жеріндегі мұнай-газ саласының дамуына қаншама жыл еңбек еткен барлаушылар мен бұрғылаушылардың үлесі зор. Бұл туралы қала әкімі Қадыржан Адинов:
– 2025 жылы ардагерлердің ұсынысымен және облыс басшысының қолдауымен қаламыздағы Махамбет даңғылы бойында барлау-бұрғылау ардагерлерінің құрметіне арнайы саябақ құрылысы басталған болатын. Мұнда барлау-бұрғылау саласына арналған мүсіндік композиция мен осы салада еңбек еткен ардагер барлаушылардың есімдері жазылған естелік тақталар қойылды. Бұл – мұнайшылардың еңбегіне көрсетілген зор құрмет, – дейді өз сөзінде.
Салтанатты шараға қатысқан сала ардагерлері жаңа саябақтың ашылуын көптен күткен қуанышты оқиға ретінде бағалады. Солардың бірі – ұзақ жылдар бойы барлау-бұрғылау саласында еңбек еткен Жексенбай Шығанбаев. – Біз өмір бойы бұрғылау саласында жұмыс жасадық. 1974 жылдардан бастап зейнетке шыққанға дейін осы кәсіптің ортасында жүрдік. Бүгін міне көптен күткен саябағымыздың лентасын қиып, ашылу рәсімін өткізіп жатырмыз. Бұл саябақтың тарихы терең. Бұрын осы маңда экспедицияның үлкен саябағы болған, оны өз көзімізбен көрдік. Бұл жерге алғаш тал еккен де өзіміз. Бүгін сол дәстүр қайта жаңғырғандай әсердеміз. Осындай игі іске қолдау көрсеткен азаматтарға алғысымыз шексіз. Саябақ өте әдемі шыққан, кешкі уақытта мұнараға жарық берілгенде ерекше көрініс қалыптасады, – дейді ардагер барлаушы.
Иә, соңғы жылдары елімізде саябақ пен демалыс орындарының саны артып келеді. Бұл үрдіс тек қалалардың көркін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсартуға да ықпал етеді. Мамандардың пікірінше, ағаштар ауадағы зиянды заттарды сіңіріп, оттегі бөледі, шаң-тозаңды азайтады және жаз мезгіліндегі аптап ыстықты бәсеңдетуге көмектеседі. Әсіресе өндірістік өңірлер үшін жасыл аймақтардың маңызы ерекше. Бұл ретте жаңа саябаққа отырғызылған қылқан жапырақты ағаштар алдағы жылдары қала экологиясына оң әсерін тигізіп, тұрғындарға таза ауа сыйлайтыны анық. Ал жаңа саябақ қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналып, жас ұрпаққа еңбекқорлықтың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің және табиғатты аялаудың маңызын насихаттайтын ерекше мекен боларына сенеміз.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ



