Құлсарының 25 жылдығына орай республикалық ат бәйгесі өтті

Жылыой ауданында Құлсары қаласының 25 жылдығына орай ұлттық ат спортының бірі – бәйгеден республикалық жарыс өтті.

Дүбірлі додаға еліміздің бірнеше өңірінен жүйрік аттар мен тәжірибелі шабандоздар қатысып, үш бағыт бойынша бақ сынады, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

Жарыс Жылыой ауданы әкімдігінің қолдауымен және Атырау облыстық «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен өтті. Дода барысында шабандоздар тай бәйге, топ бәйге және аламан бәйге бағыттары бойынша сынға түсті.

 

Алдымен 6 шақырымдық тай бәйгеде жүйріктер жарыс жолына шықты. Бұл бәсекеде Сейдулла Айдар мінген «Алаон» бірінші келіп, 1 миллион теңге жүлдені иеленді. Екінші орынға Алмасұлы Ғани шабандоздық еткен «Торы шолақ» жайғасып, 800 мың теңге алса, Тәжі Шәкәрім мінген «Арафат» үшінші орыннан көрініп, 500 мың теңге жүлдеге ие болды.

 

15 шақырымдық топ бәйгеде Марден Жанболат мінген «Тойторы» топ жарып, 2 миллион теңге жүлдені жеңіп алды. Мерей Қолғанат шабандоздық еткен «Қарқара» – екінші, жүлдесі 1 миллион теңге алса, «Хадиша»-ның шабандозы Айболат Саян үшінші келіп, 700 мың теңге иеленді.

 

Ал жарыстың ең ұзақ қашықтығы – 27 шақырымдық аламан бәйгеде Жанғали Нұрали мінген «Найзағай» жеңімпаз атанып, 2,5 миллион теңге жүлдені еншіледі. Екінші орынды Жамаш Дулат мінген «Көзмоншақ» иеленсе, Батырбекұлы Сартай шабандоздық еткен «Дүлдүл» үшінші орынға тұрақтады. Оларға 2 миллион және 1 миллион теңге ақшалай сыйлық табысталды.

 

Ұлттық ат спортының дәстүрін дәріптеп, жүйріктердің бабын және шабандоздардың шеберлігін саралаған жарыс Құлсары қаласының 25 жылдығына арналған мерекелік шаралардың қатарын толықтырды.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT