Таяуда өткен аудандық сот отырысында қаламыздағы «Ниет» жанар-жағармай құю бекетінде болған жойқын жарылысқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды. Сот материалдарына сәйкес, айыпталушыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 281-бабының 3-бөлігі бойынша, яғни жарылыс қаупі бар объектілердегі қауіпсіздік қағидаларын бұзу, сондай-ақ абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген айып тағылды.
Еске салсақ, өткен жылы 30 мамырда қаламыздың Махамбет даңғылы бойында орналасқан №3 автогаз құю станциясында алып жарылыс болып, артынша өрт шыққан еді. Қайғылы оқиға салдарынан ерлі-зайыпты көз жұмды. Төрт бала ата-анасыз қалды. Балалардың бірі кәмелет жасына толмаған. Сотта анықталғандай, «Ниет ЛТД» ЖШС-нің директоры қауіпті өндірістік объектіні пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген. Атап айтқанда, автогаз құю станциясының аумағында көлемі 25 текше метр болатын сұйытылған көмірсутек газын сақтауға арналған резервуар заңнама талаптарына сәйкес тіркелмеген, сондай-ақ техникалық куәландырудан өтпеген және қауіпті техникалық құрылғы ретінде есепке қойылмаған. Тергеу және сот барысында зерттелген материалдарға сүйенсек, дәл осы резервуардың пайдаланылуы кезінде орын алған қауіпсіздік талаптарының бұзылуы орны толмас ауыр қайғыға алып келген. Бұдан бөлек, бірнеше азамат әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған. Жарылыс салдарынан алты автокөлік өртеніп, бір қабатты үш ғимарат пен екі қабатты бір ғимарат отқа оранған. Жалпы өрт аумағы шамамен 400 шаршы метрді қамтыған.
Сот үкімімен айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 281-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жыл мерзімге айыра отырып, үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтелетін болды. Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының қылмыстық құқық бұзушылықты алғаш жасағанын, жәбірленушілерге келтірілген мүліктік залалды ішінара өтегенін және моральдық зиянды ішінара өтегенін жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерген. Ал қаза болған ерлі-зайыптылардың балаларының моральдық зиянды өтеу жөніндегі талаптары ішінара қанағаттандырылды. Яғни сот «Ниет ЛТД» ЖШС-нен қаза болған ерлі-зайыптының балаларының әрқайсысының пайдасына 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.
Алайда жәбірленуші тарап бұл шешіммен толық келіспейтінін мәлімдеді. Олардың айтуынша, сұралған моральдық өтемақы көлемінің аз ғана бөлігі қанағаттандырылған. Бұл жөнінде балалардың қорғаушысы Ақан Хабдешев:
– Бүгін сот үкімі шықты. «Ниет ЛТД» ЖШС-нің басшысы кінәлі деп танылып, сот залынан қамауға алынды. Мұнымен толықтай келісеміз. Бірақ ата-анасынан айырылған төрт баланың атынан берілген моральдық шығын туралы азаматтық талабымыз толық көлемде қанағаттандырылмады. Сондықтан осы бөлігі бойынша апелляциялық шағым беретін боламыз, – деді өз сөзінде.
Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін мекеме басшысы марқұм ерлі-зайыптылардың салынып жатқан тұрғын үйінің құрылысын аяқтауға көмек көрсеткен. Дегенмен жәбірленушілер тарапынан моральдық өтемақы көлеміне қатысты талаптар сақталып отыр. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Соған сәйкес жәбірленуші тарап белгіленген тәртіппен апелляциялық шағым түсіруге құқылы.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ



