Көктем көркін келтірген...

Көктем келіп, жер-ана бусанып, табиғат қайта түлеген шақта даланың сәнін қызғалдақтар айрықша аша түсетіні рас. Нәзік гүлдердің қауыз жарып, түрлі түске боялуы тіршіліктің жаңарғанының белгісіндей. Осындай көктемнің көркін қызғалдақтармен әрлеп жүрген еңбекқор жандардың бірі – жерлестеріміз Ибрагим Нұрболатұлы жанұясы биыл да өз жұмыстарын жақсы атқарып шықты.

Өткен жылы үй ауласында гүл өсіруді кәсіпке айналдырған жас жанұя бүгінде өз еңбектерінің жемісін көріп келеді. Алғашында шағын көлемде гүл егіп бастаған бағбандар жыл сайын тәжірибе жинап, кәсібін біртіндеп кеңейту үстінде. Атап айтсақ, биыл олар қызғалдақ өсіру ісін жаңа деңгейге көтеріп, жылыжай көлемін үлкейткен. Өлшемі 5×10 болатын жылыжайға заманауи тамшылатып суару жүйесі орнатылып, гүлдерді күтіп-баптау жұмыстары әлдеқайда жеңілдеген. Осы маусымда кәсіп иесі Ибрагим Нұрболатұлы 5000 дана қызғалдақ егіп, 5 түрлі сұрыпты өсіріп отыр. Олардың қатарында Трайпл, Сурендер, Триумф және Апельдорн секілді танымал сорттар бар. Бұл туралы бағбаншының өзі:

- Қызғалдақ өсіру – үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Гүлдің дұрыс өсуі үшін температуралық режимді сақтау, жарық пен ылғал мөлшерін дәл реттеу қажет. Әсіресе алғашқы кезеңде қараңғыда ұстап, кейін жарық беру арқылы гүлдің бутонын шығару – жұмысымыздың алғашқы сатысы. Биыл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілеу бар. Баспанамыздың жанынан жылыжай тұрғызып, гүл саны көбейіп, тәжірибе де толыға түсті. Мереке қарсаңында жанымда жан жарыммен қатар бірнеше жігіт жұмыс істеді. Бәріміз бірігіп, мейрамға қызу дайындалдық. Соған сәйкес сатылым уақытына үлгеріп, жақсы нәтиже көрсеттік,-дейді редакциямызға берген сұхбатында.

Әрине, көктем мерекелері қарсаңында гүлдерге сұраныс жыл сайын артып келеді. Әсіресе 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында қызғалдақ алушылардың саны көбейіп, жанұялық бизнес жақсы қарқын алған. Алдағы уақытта еңбекқор отбасы жылыжай мүмкіндігін толық пайдаланып, тек гүл өсірумен шектелмей, көкөніс шаруашылығын да қолға алуды жоспарлап отыр. Егер бәрі сәтімен жүзеге асса, жылыжайда қызанақ пен қияр өсіріп, жергілікті тұрғындарды табиғи өніммен қамтуы әбден мүмкін.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT