Күй күмбірін жүрекпен жеткізген

Қазақтың қасиетті қара домбырасы – ұлттың үні, халықтың жаны. Сол қоңыр үнді жүрегімен сезініп, күй арқылы тыңдарманның жан дүниесіне жол тауып жүрген талантты күйшілердің бірі – халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, жерлесіміз Жұмағалиев Қайрат Ержанұлы.

Күй өнеріне деген алғашқы қадамы туған жер топырағында басталған. №2 саз мектебінде бес жыл білім алып, домбыраның әліппесін алғашқы ұстазы Гүлмаржан Тәуірханқызынан үйренді. Бүгінде бұл білім ордасы Тоқсанбай Құлтумиев атындағы музыка мектебінің бөлімшесі, сол жерде қаланған берік негіз оның үлкен өнер жолына бағыт сілтеді. Қос ішектен төгілген күй біртіндеп оның жан дүниесімен біте қайнасып, өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Талантты күйші – өнер қонған әулеттің перзенті. Отбасындағы рухани орта, музыкаға деген ерекше құрмет оның бойындағы өнерге деген сүйіспеншілікті ерте оятты. Ағаларының барлығы дерлік мәдениет саласында еңбек етеді: үлкен ағасы Ерқанат вокалдан сабақ берсе, Қанат домбыра пәнінің ұстазы, ал Азамат кәсіби домра-прима орындаушысы.

Кәсіби қалыптасу жолында 2011-2015 жылдар аралығында Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінде білім алуы ерекше кезең болды. Бұл орта жас домбырашының орындаушылық шеберлігін шыңдап, сахна мәдениетін қалыптастырды. Кейін 2015-2019 жылдары Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория қабырғасында білім алып, ұлттық күй өнерінің терең қыр-сырын меңгеріп шықты. Оқуын аяқтаған соң 2019-2020 жылдары Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің құрамында қызмет атқарып, кәсіби орындаушы ретінде тәжірибе жинақтады. Ал 2020-2022 жылдары туған жері Құлсары қаласындағы Құлсары балалар өнер мектебінде ұстаздық етіп, жас буынға күй өнерінің құдіретін үйретті. 2022-2024 жылдары жерлесіміз, белгілі композитор Айтқали Жайымов жас домбырашының өнеріне назар аударып, оны Астана қаласына бірге алып кетеді. Осылайша Қайрат Ержанұлы елордадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы қазақ оркестрі құрамында екі жыл бойы қызмет атқарып, үлкен сахнаның тәжірибесін жинақтады. Республикалық деңгейдегі өнер ордасында еңбек ету оның орындаушылық шеберлігін шыңдап, шығармашылық көкжиегін кеңейтті. Көп ұзамай туған жерге деген сүйіспеншілік оны қайтадан туған топырағына жетелеп, бүгінде ол қаламыздағы балалар өнер мектебінде ұстаздық етіп, мәдениет үйінде қызмет атқарып келеді.

Қазіргі таңда күйші 12 шәкірт тәрбиелеп отыр. Оның бірнеше шәкірті оқуын аяқтап, өнер жолына қадам басты. Ұстаз тәлімін алған жас домбырашылар түрлі байқауларда өнер көрсетіп, алғашқы жетістіктерімен танылып үлгерді. Күйшінің жеткен жетістіктері де аз емес. Ол халықаралық және республикалық байқауларда топ жарып, жоғары марапаттарға ие болған. 

Осы орайда Қайрат Ержанұлының жуырда ғана аудандық мәдениет үйінде өткен «Күй күмбірі» атты жеке шығармашылық кфешін ерекше атап өткен жөн. Концертке арнайы қатысып, өнер көрсеткен Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, бас дирижері Болат Долдашев кештің шырайын кіргізіп, сахна сәнін айшықтай түсті. Сонымен қатар оркестрдің үздік музыканттары домбыра, жетіген, гитара сынды түрлі аспаптарда өнер көрсетті. Кеш барысында шәкірттері Нұрдәулет Жұма, Максим Нұржігіт сахнаға шығып, ұстаз бен шәкірт арасындағы шығармашылық сабақтастықты көрсете білді. Үлгілі шәкірттер оркестр сүйемелдеуімен Айтқали Жайымовтың «Шалқыма» туындысын үздік орындап шықты.

 Туған топырақтан түлеп ұшып, үлкен сахналарда шыңдалып, өнердің шамын жағып жүрген күйші үшін ең үлкен марапат – елдің ықыласы. Домбыраның қоңыр үнімен өрілген оның өнер жолы – кейінгі буынға үлгі. Осындай өнер иелері барда қазақ күйінің күмбірі ешқашан толастамай, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретіні сөзсіз.

А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Референдум 2026

Референдум 2026