Атырау облысында азаматтық секторды дамытуға бағытталған маңызды бастама – «Qabilet КЕҰ қауымдастығы» өз жұмысын ресми түрде бастап, кіріспе семинарлар сериясын іске қосты. Аталған жоба «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Алғашқы семинар Жылыойда ұйымдастырылып, кейін жоба аясындағы кездесулер Мақат, Махамбет, Индер, Исатай және Құрманғазы аудандарында жалғасын тапты. Жалпы алғанда, семинарларға 200-ге жуық қатысушы қамтылды.
Семинар барысында қатысушылар қауымдастықтың негізгі мақсаттары мен міндеттерімен танысып, алдағы даму бағыттары мен мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат алды. Іс-шаралар үкіметтік емес ұйым өкілдері, белсенді азаматтар мен еріктілер үшін тәжірибе алмасу мен жаңа бастамаларды талқылайтын тиімді алаңға айналды.
Жобаның басты мақсаты – Атырау облысындағы коммерциялық емес ұйымдар, белсенділер мен еріктілердің әлеуетін арттыру, сондай-ақ олардың әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру қабілетін дамыту.
Семинар бағдарламасы қатысушыларға практикалық білім мен нақты құралдарды ұсынуға бағытталды. Атап айтқанда, қатысушылар әлеуметтік жобаларды әзірлеу, қаржы тарту (фандрайзинг), гранттық өтінімдер жазу және оларды тиімді іске асыру жолдары бойынша білім берілетіндігі жөнінде ақпарат берілді. Сонымен қатар серіктестер табу, кәсіби байланыстар орнату және тәжірибе алмасу мүмкіндіктері болатындығы хабарланды.
«Qabilet КЕҰ қауымдастығы» ұйымдастырған кіріспе семинарлар сериясы өңірдегі азаматтық қоғамның дамуына серпін беріп, жаңа идеялар мен жобалардың пайда болуына ықпал ететін маңызды қадам болды.
Жобаның алғашқы тренингтері мамыр айында басталады. Осы жылғы жобаның ерекшелігі бағдарлама үш кезеңге бөлінді, яғни «Qabilet volunteers» - еріктілерді дамыту бағдарламасы; “Qabilet start” - ұйым ашамын деген және жаңадан ашылған ұйымдарды дамыту бағдарламасы; “Qabilet PRO” - жұмыс жасап тұрған ұйымдарды дамыту бағдарламасы. Жоба тренингтері Атырау және Құлсары қалаларында өтеді. Басқа аудан қатысушыларына осы аталған екі қалаға келіп қатысуға мүмкіндік бар.
Өз тілшіміз



