Үкімет ЖИ негізіндегі мемлекеттік қызметтерді дамытуға назар аударады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысы өтеді.

Онда Үкімет мүшелері жасанды интеллект негізіндегі мемлекеттік қызметтер экожүйесі бағытындағы жұмыстарды талқыға салады.

Отырыстың күн тәртібіне шығарылған мәселе қаралып болғаннан кейін, БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады.

 

Онда ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков пен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова тілшілер сұрағына жауап береді.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы өткен айда Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда сөйлеген сөзінің толық мәтінін жариялағанбыз.

Президенттің пікірінше, ЖИ экономика, сауда және жаһандық өзара байланыстың болашағын айқындайтын, толыққанды инфрақұрылымы бар салаға айналып келеді.

— БҰҰ дерегіне сәйкес, жасанды интеллект инфрақұрылымына және онымен байланысты технологияларға салынған инвестиция жылына орта есеппен 47 пайызға өскен. 2033 жылға қарай жаһандық ЖИ нарығының көлемі шамамен 5 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр. Демек, бір нәрсе анық: жасанды интеллектіні басқару жүйесі кешенді сипатқа ие болуға тиіс. Ол жартылай өткізгіштер мен деректерді өңдеу орталықтарынан бастап этика, білім беру және адамның қадір-қасиетін қорғауға дейінгі бүкіл бағытты қамтуы қажет. Сонымен қатар трансформация үдерісі геосаяси шиеленіс ушығып, ірі әлемдік державалар арасындағы сенімге селкеу түскен, жік-жікке бөлінген кезеңде жүріп жатыр. Өкінішке қарай, мемлекеттердің көбі қақтығыстарға тосқауыл қоюға мән бермейді, есесіне оның салдарын жоюға күш-жігерін сарқа жұмсайды. Жасанды интеллект алдын ала ескерту жүйесін, превентивті дипломатияны, гуманитарлық көмек пен бітімгерлік әрекеттерді күшейту арқылы бізге осы қисынсыз түсінікті өзгертетін тарихи мүмкіндік беріп отыр, — деді Мемлекет басшысы.

 

Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстанның жасанды интеллектіні дамытудағы стратегиялық артықшылықтарына тоқталған болатын. Президенттің пікірінше, еліміз технологиялық тоғысудың, цифрлық сауда мен халықаралық ынтымақтастықтың қарқынды орталығына айналу үшін мол әлеуетке ие.

 

— Энергетикалық ресурстардың мол қоры, аса маңызды минералдар кеніштері, заманауи көлік дәліздері мен жедел дамып келе жатқан цифрлық инфрақұрылым нарықтарды, технология және инновациялық экожүйелерді өзара ұштастыруға тың мүмкіндік береді. Цифрлық трансформация ұлттық даму стратегиямыздың басым бағыттарының бірі саналады. Қазақстанның жаңа Конституциясында жасанды интеллектіге, оның елімізді орнықты дамытуға қосар үлесіне баса назар аударылған. Сонымен қатар Ата заңымыз әр азаматтың дербес дерегінің қорғалуына кепілдік береді. 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, «Digital Kazakhstan-2029» ұлттық стратегиясын бекіттік. Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Елордада Smart City технологиялық платформасы іске қосылды. Көп ұзамай аталған тәжірибе Қазақстанның барлық ірі қаласында қолданылады. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласының дамуына стратегиялық тұрғыдан басымдық беріп отырмыз. Ол Орталық Азиядағы алғашқы толық интеграцияланған цифрлық шаһар болмақ. Әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қытайдан технологиялық компанияларды, инвесторлар мен новаторларды тарту үшін Конституцияда Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі айқындалды, — деді Президент.

 

Сонымен қатар, бұған дейін Тбилисиде БҰҰ Мемлекеттік қызметі форумы аясында «Мемлекеттік басқарудағы жасанды интеллект: тиімділік пен қоғамдық мүдде арасындағы тепе-теңдік» тақырыбында өңіраралық семинар өткен еді.

Іс-шараға Орталық Азия, Кавказ және Азия-Тынық мұхиты өңірінің 12 елінен келген 40-тан астам мемлекеттік қызметші мен сарапшы қатысқан болатын.

 

Семинар барысында қатысушылар жасанды интеллектінің мемлекеттік сектордың тиімділігін арттырудағы мүмкіндіктерін, сондай-ақ есеп беру, ашықтық, инклюзивтілік және шешім қабылдау кезінде адамның жетекші рөлін сақтау мәселелерін талқылады.

 

Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов жасанды интеллектінің дамуы мемлекеттік басқаруды жетілдіруге жаңа мүмкіндік беретінін айтты.

 

https://kaz.inform.kz/news/ukmet-zhi-negzndeg-memlekettk-kizmetterd-damituga-nazar-audaradi-62d3d7b1

 

 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT