Әкім ауыл үлкендеріне көрісе барды

Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов бір топ әріптестерімен жасы үлкен ақсақал мен еңбек ардагерлерінің шаңырағына көрісе барды. Алдымен аудан басшысы 100 жастағы кейуана Үнзира Әбілғазиеваның шаңырағына арнайы барды. Қос ғасырдың куәсі болған ақ жаулықты ананы аудан әкімі Амал мерекесімен құттықтап, арнайы сыйлығын табыстады. Ғасыр жасаған әже ұл- қыздарынан бүгінде 8 немере, 29 жиен, 7 шөбере және 18 жиеншар сүйіп отыр.

 Өз кезегінде қарт ана аудан халқының әл-ауқатын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы үшін аудан басшысы мен барша ел азаматтарына шынайы алғысын білдіріп, ақ батасын берді. 

- Көрісу мейрамында үлкенге құрмет көрсетіп, елеп-ескеріп, құрмет көрсетіп жатқандарыңа дән ризамын. Ел игілігі үшін жасап жатқан қызметтеріңізге абырой мен табыс тілеймін,-- деген кейуана өзінің ақжарма тілегін жеткізді. 

Мереке күні құрмет көрсетілген тағы бір шаңырақ – Жабас Құлбалиевтың отбасы. Жабас Құлбалиев – ұзақ жылдар бойы мұнай саласында абыройлы еңбек еткен ардагер. Ол еңбек жолында "ЖылыойМұнайгаз" МГӨБ- оператор, инженер, бөлім бастығы, кадр бөлімінің жетекші қызметіне дейін көтерілді. Адал еңбегі мен кәсіби біліктілігінің арқасында елдің құрметіне бөленді. Жеткен жетістіктері де аз емес. Атап айтсақ, 2000 жылы "Қазақойл Ембі" АҚ-ның, 2002 жылы "Жылыоймұнайгаз" МГӨБ-ның Құрмет грамоталарымен марапатталып, "Қазақ мұнайына 110 жыл" мерекелік медалінің иегері атанған. 

Жабас Құлбалиев еңбек адамы ғана емес, өнерге де жақын жан. Ол 1960-шы жылдары Алматы қаласында өткен Қазақ ССР 40 жылдығына арналған көркемөнерпаздар байқауына қатысып, бірінші дәрежелі дипломымен марапатталған. Ал 1986 жылы жанұялық "Мерей" ансамблін құрып, өнер жолында да өзіндік із қалдырды. Ансамбль 1996 жылы "Кең Жылыой" әнімен "Тамаша" ойын-сауық отауында өнер көрсетіп, аудандық және облыстық байқауларының лауреаты атанған. 

Амал мерекесінде шаңыраққа көрісе келген аудан әкімі мен қонақтарды отбасы дастархан жайып қарсы алды. Ардагер мерекемен құттықтап келген меймандарға ризашылығын білдірді. 

Аудан басшысы бұл әулеттің ауданның дамуына қосқан үлесі зор екенін атап өтіп, ақжарма тілегін жеткізді. 

– Көрісу күні – адамдардың бір-бірімен амандасып, жақсылық тілеп, қауышатын мерекесі ғана емес, сонымен қатар үлкендерге құрмет көрсетіп, ізет білдіретін ерекше күн. Ата-бабаларымыз салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты қатаң сақтаған. Біз де осы құндылықтарды дәріптеп, жалғастыруымыз керек. Осындай мереке күні арнайы келіп, сіздерге ізгі тілегімізді жеткізуді жөн көрдік. Өздеріңізге зор денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік, жақындарыңызға амандық тілейміз,-деді аудан әкімі. 

Әкім бастаған топ одан әрі білім саласының ардагерлері Құсайын Қазбенов және Санзия Ербөлекова сынды ардақтыларға арнайы ілтипат көрсетумен жалғастырды. Қариялар аудан әкімімен әңгімелесу барысында көрісу мерекесінің мән-маңызы туралы сөз қозғады. Олар ел амандығын тілеп,«Наурыздан наурызға аман-есен жетейік»» деген ақжарма тілектерін білдірді. Қонақтар ардагерлерге мерекелік сый-сыяпаттарын табыстап, ақ баталарын алды.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT