Адам өміріне араша түсу, күрделі сәтте дұрыс шешім қабылдау және әрбір отаға үлкен жауапкершілікпен қарау – хирург мамандығының басты ерекшелігі. Бұл салада кәсіби біліммен қатар, тәжірибе, төзімділік пен шұғыл шешім қабылдай білу қабілеті де маңызды. Жылыой аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінде дәл осындай қиын да маңызды жауапкершілікті арқалап жүрген мамандардың бірі – бөлім меңгерушісі Дархан Бөртебаев. Бірінші санатты дәрігер 2022 жылы медицина саласындағы елеулі еңбегі мен кәсіби қызметі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің «Шапағат» төсбелгісімен марапатталған. Медицина саласында 20 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан білікті маманмен хирургияның қыр-сыры, аудандық медицинадағы жаңа мүмкіндіктер, заманауи операциялық әдістер және дәрігер жауапкершілігі жөнінде әңгімелестік.
– Дархан Қосымбайұлы, медицина сізге бала кезден өте таныс сала екенін атап өттіңіз. Алайда хирург болу үлкен жүрек пен батылдықты талап ететін ерекше жол. Медицинадағы ең қиын жолды таңдауыңызға не түрткі болды?
– Әрине менің медицина саласына келуіме ең алдымен отбасымның ықпалы болды. Әкем де, анам да дерматовенеролог дәрігер болып еңбек етті. Екеуі де өз ісіне адал, білікті мамандар еді. Бүгінде бұрын емделген адамдар ата-анамның еңбегін ризашылықпен еске алып жатады. Бала кезімнен олардың күнделікті жұмысын көріп өстім. Дәрігердің тек емдеп қана қоймай, адамның тағдырына жауапты болатынын сол кезден-ақ түсіне бастадым. Мектепті тәмамдаған соң, 2000 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина академиясына оқуға түстім. 2006 жылы жалпы медицина мамандығын аяқтап, кейін Атырау облыстық ауруханасында интернатурадан өттім. Хирургияны таңдауым да кездейсоқ емес. Бұл салада білім мен тәжірибе қатар жүреді. Әр науқастың жағдайы әртүрлі болғандықтан, дәрігерден жылдам әрі сауатты шешім қабылдауды талап етеді. Маған осы жауапкершілігі жоғары, үнемі ізденісті қажет ететін мамандық жақын болды.
– Алғашқы еңбек жолыңыздан бүгінгі бөлім меңгерушісі қызметіне дейінгі кәсіби қалыптасу кезеңіңіз қалай өтті?
– 2007 жылы Жылыой аудандық орталық ауруханасына хирург болып жұмысқа орналастым. Алғашқы жылдарым кәсіби тәжірибе жинақтау, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру кезеңі болды. Жас маман үшін әрбір операция, науқаспен жұмыс істеу – үлкен тәжірибе мектебі. Әсіресе аға буын дәрігерлердің жанында жүріп, олардың жұмыс тәсілдерін, науқаспен қарым-қатынасын, күрделі жағдайда лезде шешім қабылдауын үйрендім. Бұл ретте маған бағыт-бағдар берген ұстаздарымның еңбегін ерекше атап өткім келеді. Соның ішінде Қуаныш Думанұлы ұстазымның орны бөлек. Кәсіби маман ретінде қалыптасуыма көп көмегі тиді. Қайда жүрсем де алғыс айтудан жалықпаймын. 2012 жылдан бері хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келемін. Қазір өзім де жас мамандарға тәжірибемді бөлісіп, олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына қолдау көрсетуге тырысамын. Өйткені медицинада білімді тек жинақтау жеткіліксіз, оны кейінгі буынға жеткізе білу де маңызды.
– Бүгінде аудандық орталық ауруханада қандай хирургиялық оталар жасалады?
– Біздің бөлімде шұғыл және жоспарлы хирургиялық операциялардың бірнеше түрі орындалады. Олардың қатарында аппендэктомия, яғни соқырішектің құрт тәрізді өсіндісін алып тастау, холецистэктомия (өт қабын алып тастау), жарыққа байланысты герниопластика және басқа да операциялар бар. Операцияның түрі науқастың диагнозына, жалпы жағдайына және медициналық көрсетілімдерге қарай анықталады. Біздің басты міндетіміз – аудан тұрғындарына қажетті хирургиялық көмекті өз жерінде көрсету. Әрине, кейбір күрделі жағдайларда науқасты жоғары деңгейдегі медициналық ұйымға жолдау қажеттілігі туындауы мүмкін. Дегенмен аудандық ауруханада көрсетілетін хирургиялық көмектің ауқымын кеңейтіп, қолжетімділігін арттыру бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеміз. Соңғы жылдары бөлім жұмысында лапароскопиялық әдістің маңызы артып отыр. Бұл – арнайы камера мен құралдардың көмегімен, үлкен тілік жасамай орындалатын аз инвазивті хирургиялық тәсіл. Дәстүрлі ашық операциямен салыстырғанда, мұндай әдіс кейбір науқастардың тезірек қалпына келуіне мүмкіндік береді. 2024 жылы «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен ауруханаға лапароскопиялық аппарат жеткізілді. Бұл бөлімнің материалдық-техникалық мүмкіндігін арттырып, заманауи хирургиялық әдістерді қолдануға жол ашты. Бүгінде осы аппараттың көмегімен холецистэктомиялық 50-ден астам ота және 400-ден астам лапароскопиялық операция жасалды. Сондай-ақ жуырда ғана 4-ші рет жүрекке күрделі отаны сәтті аяқтадық. Алдағы уақытта жоспарлы хирургия бағытын одан әрі дамытуға ниеттіміз.
– Заманауи технологиялар хирургтың жұмысын жеңілдеткенімен, операцияның нәтижесі тұтас медициналық команданың үйлесімді жұмысына байланысты. Ота кезінде мамандар арасында жауапкершілік қалай бөлінеді?
– Әрине, хирург операцияны жалғыз атқармайды. Операциялық блокта анестезиолог, операциялық мейіргер және басқа да медицина қызметкерлері бір команда болып жұмыс істейді. Әр маманның нақты міндеті бар. Хирург операциялық араласуды жүргізсе, анестезиолог науқастың жансыздандырылуын қамтамасыз етіп, өмірлік маңызды көрсеткіштерін бақылайды. Ал операциялық мейіргер қажетті құрал-жабдықтардың уақытылы әрі дұрыс берілуіне жауап береді. Мұнда әрбір қызметкердің кәсіби дайындығы мен өзара түсіністігі маңызды. Әсіресе шұғыл және күрделі операцияларда бір сәттің өзі шешуші болуы мүмкін. Сондықтан операция алдындағы дайындықтан бастап, соңғы кезеңге дейін командалық үйлесім сақталуы тиіс. Науқастың қауіпсіздігі – бәрімізге ортақ жауапкершілік.
– Кейбір операциялар бірнеше сағатқа созылады. Осындай ұзақ әрі күрделі оталар кезінде қиын сәттер болды ма?
– Хирургияда әр операцияның өзіндік ерекшелігі бар. Кейбір күрделі оталар 7-8 сағатқа дейін созылуы мүмкін. Мұндай кезде дәрігерден физикалық төзімділікпен қатар, психологиялық тұрақтылық пен жоғары зейін талап етіледі. Біздің жұмысымызда жоспарлы операциялармен қатар, шұғыл жағдайлар да жиі кездеседі. Әсіресе жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен, төбелес кезінде пышақ жарақатын алған немесе түрлі тұрмыстық келеңсіздіктер салдарынан ауыр жарақаттанған науқастар түсіп жатады. Мұндай жағдайлардың ерекшелігі олардың кез келген уақытта, күтпеген жерден орын алуы. Кейде науқастың жағдайы өте ауыр болып, шұғыл түрде операция жасауға тура келеді. Осындай сәттерде хирургтің жылдам бағдарлап, жағдайды дұрыс бағалап, батыл әрі нақты шешім қабылдай білуі аса маңызды. Операция барысында науқастың жағдайы өзгеруі мүмкін, сондықтан дәрігер кез келген жағдайға дайын болуы керек. Хирургияда асығыстыққа да, немқұрайлылыққа да орын жоқ. Әрбір әрекеттің артында адам өмірі тұрғанын ұмытпауымыз қажет. Ең бастысы, қандай күрделі жағдай болса да дәрігерлік міндетімізді абыроймен атқарып, науқастың өмірін сақтап қалу үшін бар күш-жігерімізді жұмсау.
– Тәжірибеңізде өмір мен өлімнің арасындағы арпалысқа түскен жағдайлар аз болмаған шығар. Есіңізде ерекше сақталған бір оқиғаны айтып берсеңіз.
– Әрине, есте қалған жағдайлар өте көп. Соның ішінде денесіне 12 жерден пышақ жарақаты түскен науқасқа жасалған операцияны ерекше атап өтуге болады. Мұндай жарақаттар адамның өміріне тікелей қауіп төндіреді. Әсіресе ішкі ағзалардың зақымдануы, қан жоғалту сияқты асқынулар болуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай, науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсету қажет. Операция барысында дәрігерлер тобы бірлесіп жұмыс істеп, науқастың жағдайын тұрақтандыруға және қажетті хирургиялық көмекті көрсетуге күш салды. Нәтижесінде операция сәтті аяқталды. Осындай сәттерде дәрігер мамандығының жауапкершілігін терең сезінесің. Бір адамның өмірін сақтап қалу үшін бүкіл команданың білімі мен тәжірибесі жұмылдырылатын кездер болады.
– Көпшілік соқырішек (аппендицит) жиі кездесетін операциялардың бірі ретінде қабылдайды. Алайда ауру асқынған жағдайда қандай қауіп туындайды?
– Иә, соқырішек жиі кездесетін хирургиялық аурулардың бірі. Бірақ оны қарапайым операция деп қабылдауға болмайды. Аурудың ағымы әртүрлі болады. Егер науқас дер кезінде қаралып, диагноз ерте анықталса, операцияны асқынусыз жүргізу мүмкіндігі жоғары. Ал уақыт өткізіп алған жағдайда қабыну үдерісі асқынып, ішперденің қабынуы перитонитке әкелуі мүмкін. Бұл науқастың өміріне қауіп төндіретін күрделі жағдай. Кейде адамдар іштің ауырғанын уақытша жайсыздық деп қабылдап, өздігінен емделуге тырысады. Бұл дұрыс емес. Іштің ауыруы күшейсе, жүрек айну, құсу, дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер байқалса, жедел медициналық көмекке жүгіну қажет. Әсіресе ауырсынуды басатын дәрілерді дәрігердің кеңесінсіз қабылдамаған жөн. Өйткені ол аурудың клиникалық көрінісін өзгертіп, диагноз қоюды қиындатуы мүмкін.
– Бөлімнің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен кадрлық әлеуеті туралы айтып өтсеңіз.
– Қазіргі таңда хирургия бөлімінде үш ересектер хирургі, екі балалар хирургі, бір аға мейіргер және он мейіргер еңбек етеді. Әрқайсысы өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Айта кететін жайт, 2025 жылдың ақпан айынан бастап травматология бөлімі хирургия бөлімінен бөлініп, жеке бөлім ретінде жұмыс істей бастады. Осыған байланысты қазіргі таңда хирургия бөлімі өзіне тиесілі бағыттар бойынша медициналық көмек көрсетеді. Бөлімнің жұмысы тек операция жасаумен шектелмейді. Мұнда науқастарды қабылдау, тексеру, диагноз қою, операция алдындағы дайындық, отадан кейінгі бақылау және емдеу кезеңіндегі медициналық көмекті ұйымдастыру жұмыстары қатар жүреді. Күнделікті орта есеппен үш-төрт ірі операция жасалады. Дегенмен бұл көрсеткіш науқастардың санына, диагнозына және медициналық қажеттілікке байланысты өзгеріп отырады. Бұдан бөлек, шұғыл хирургиялық жағдайлар да кез келген уақытта туындауы мүмкін. Сондықтан бөлім қызметкерлері тәулік бойы дайындықта болады. Жалпы, бөлім жұмысының нәтижелі болуы әрбір қызметкердің кәсіби біліктілігіне, өз ісіне деген адалдығына және ұжымдағы ауызбіршілікке байланысты. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарға уақытылы әрі сапалы хирургиялық көмек көрсету.
– Жастар медицина саласына көптеп келіп жатыр. Сіз үшін нағыз дәрігер қандай болу керек?
– Менің ойымша, нағыз дәрігер ең алдымен өз мамандығын шын жүрегімен жақсы көретін, кәсібіне адал әрі адам өміріне жауапкершілікпен қарайтын жан болуы керек. Дәрігер үшін білім мен тәжірибе қаншалықты маңызды болса, мейірімділік пен жанашырлық та соншалықты маңызды. Әр науқасқа түсіністікпен қарап, оның жағдайын жүрегімен сезіне білу дәрігердің басты қасиеттерінің бірі. Сонымен қатар жақсы дәрігер ешқашан ізденуден, үйренуден тоқтамауы тиіс. «Мен бәрін білемін» деп ойлау дамуға кедергі. Медицина күн сайын жаңарып, жаңа технологиялар мен емдеу тәсілдері енгізіліп жатыр. Сондықтан білікті маман заман талабына сай білімін үнемі жетілдіріп отыруы қажет. Әсіресе хирургия саласында кәсіби шеберлікпен қатар сабырлылық, батылдық, дәлдік пен жылдам шешім қабылдай білу аса маңызды. Себебі әрбір қабылданған шешім адамның өміріне тікелей әсер етеді. Осы жылдар ішінде талай науқасқа көмек көрсетіп, көптеген күрделі операцияларға қатыстық. Әрбір сәтті операцияның артында үлкен жауапкершілік пен тұтас медициналық ұжымның еңбегі жатыр. Жастарға айтарым: дәрігерлікті адам өміріне қызмет ету жолы деп түсіну керек. Нағыз дәрігердің ең үлкен жетістігі – науқастың сауығып, өмірге деген үмітінің қайта оралуы.
– Әңгімеміздің соңында оқырмандарға берер кеңесіңіз.
– Ең алдымен айтарым, денсаулыққа немқұрайлы қарамаңыздар. Аурудың алдын алу оны емдегеннен әлдеқайда жеңіл. Өкінішке қарай көп жағдайда адамдар денсаулығына тек ауырған кезде ғана көңіл бөліп, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырып жатады. Ал уақытында анықталмаған ауру асқынып, күрделі жағдайларға әкелуі мүмкін. Әсіресе дұрыс тамақтану тәртібін сақтауға ерекше мән берген жөн. «Ауру – астан» деген сөз бекер айтылмаған. Майлы, қуырылған, ащы тағамдарды шамадан тыс тұтынбай, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек пайдаланып, тамақтану режимін қалыптастыру қажет. Сонымен қатар дене белсенділігін арттырып, күнделікті қозғалысқа көңіл бөлген дұрыс. Тағы бір маңызды мәселе – профилактикалық және жоспарлы медициналық тексерулерден уақытылы өту. Әсіресе әйелдер денсаулығына мұқият қарауы керек. Әйелдерге арналған скринингтік тексерулер, соның ішінде сүт безі мен жатыр мойны обырын ерте анықтауға бағытталған тексерулерден уақытылы өту өте маңызды. Кейбір аурулар бастапқы кезеңде ешқандай белгі бермеуі мүмкін. Сондықтан шағым болмаса да, дәрігер ұсынған тексерулерді кейінге қалдырмаған жөн. Жоспарлы тексерулер ауруды ерте анықтап, дер кезінде емдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ іштің қатты немесе кенеттен ауыруы, жүрек айну, құсу, дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер байқалса, өз бетінше ем қабылдамай, бірден дәрігерге қаралу қажет. Денсаулық адамға берілген ең үлкен байлық. Өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарасақ, көптеген аурудың алдын алуға болады.
– Сұқбатыңызға рахмет.





