Тұрғын үй кезегі мен жер телімін алу, сондай-ақ жұмыссыздық мәселелері – аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың тұрғындарды жеке қабылдау барысында тыңдаған негізгі тақырыптар еді. Жуырда ғана өткен кезекті қабылдауында аудан басшысы азаматтардың өтініш-тілектері мен мұң-мұқтажын мұқият тыңдап, көтерілген әрбір мәселе бойынша заң талаптарына сәйкес түсіндірме берді.
Қабылдауға барлығы 12 тұрғын қатысты. Олар аудан әкіміне өздерін толғандырған мәселелерін жеткізіп, оларды шешуге көмек сұрады. Солардың бірі – көпбалалы ана Айгүл Сисенова. Ол бірнеше жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтып, қазіргі таңда отбасымен жалдамалы пәтерде тұрып жатқанын жасырмады. Көпбалалы отбасы болғандықтан, жалдамалы баспана табудың да қиындағанын атап өтті. Тұрғын осы мәселені шешуге ықпал етуді сұрап, аудан әкіміне көмекке жүгінді. Бұл туралы өзі:
- Мен 2021 жылдан бері пәтер кезегінде тұрмын. Қазіргі таңда отбасыммен жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз. Алайда көпбалалы отбасы болғандықтан, бізге үй жалдау қиындық туғызып тұр. Осы мәселемді айтып, өзіңізге арнайы келдім. Бұған дейін “Отбасы банкке” де барып, жағдайымды айттым. Алайда олар бұл мәселені біз шеше алмаймыз, әкімдікке жүгініңіздер деп жауап берді,-дейді Айгүл Сисенова. Аудан басшысы көпбалалы ананың жағдайымен толық танысып, тұрғын үй мәселесін шешудің қолданыстағы заңнамалық тетіктерін түсіндірді. Оның айтуынша, тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау тетігі арқылы азаматтарға қолдау көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Ал тұрғын үйлерді бөлу «Отбасы банкі» арқылы кезек тәртібімен жүзеге асырылады.
- Сіз 2021 жылғы 22 маусымда тұрғын үй кезегіне тіркелген екенсіз. Кезегіңіз келген уақытта тұрғын үй беріледі. Қазіргі таңда кезектен тыс үй беру мүмкіндігі жоқ. Дегенмен, көпбалалы отбасыларға арналған арнайы бағдарламалар бар. Соның бірі – тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау тетігі. Бұл жағдайда жалдап отырған баспананың ақысының 50 пайызын мемлекет субсидиялайды. Ол үшін пәтер иесімен тиісті келісімшарт жасалып, құжаттар белгіленген тәртіппен рәсімделеді,-деді мәселе төңірегінде аудан басшысы Жұмабек Байрақбайұлы. Осылайша қарапайым халықтың өтініш-тілегін мұқият тыңдаған аудан басшысы әр мәселені жеке қарастырып, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. «Біздің мақсатымыз – тұрғындардың мәселесін тыңдап қана қоймай, оның оңтайлы шешілуіне ықпал ету. Әрбір тұрғынның өтініші жеке бақылауымда болады. Заң аясында шешімін табатын мәселелерді кезек күттірмей орындалуы үшін тырысамыз» деді ол бұл туралы.
Ел аузындағы мәселелер ашық сөз болатын тұрғындарды қабылдау жиынында келушілер өздерін толғандырған мәселелерді аудан басшысына тікелей жеткізіп, нақты жауап алғандары үшін ризашылықтарын білдірді. Мұндай ашық форматтағы қабылдаулар халықпен кері байланысты нығайтып, көтерілген мәселелердің жүйелі түрде шешілуіне мүмкіндік беріп келетіні сөзсіз. А.Махамбетова



