Халықтың пікірі - даму бағытының басты өлшемі

Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов Жаңа Қаратон кентінің тұрғындарымен кезекті кездесу өткізіп, елді мекеннің бүгінгі ахуалы мен алдағы даму жоспарлары жөнінде кеңінен пікір алмасты. Кездесуге ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес мүшелері, жастар, көпбалалы аналар, кәсіпкерлер, сала ардагерлері мен кент тұрғындары қатысты. Сондай-ақ аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің басшылары мен жауапты мекемелердің өкілдері тұрғындардың сұрақтарына жауап беру үшін арнайы қатысты. Жиын барысында ең алдымен өткен кездесуде көтерілген мәселелердің орындалу барысы айтылды.

Жалпы өткен кездесуде тұрғындар тарапынан 88 мәселе көтерілген болатын. Қазіргі таңда олардың 48-і толық орындалып, нақты нәтижесін берген. Ал 24 мәселе қолданыстағы заң талаптарына сәйкес орындалуға жатпайтындықтан, әрбір мәселе бойынша тұрғындарға заңнамалық түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге 12 мәселе бойынша тиісті жобалау, құжаттандыру және қаржыландыру жұмыстары жалғасып жатыр. Кент тұрғындары үшін маңызды болып отырған инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері де кеңінен талқыланды. Әсіресе 1, 2 және 3-кварталдарды табиғи газбен қамту мәселесі тұрғындарды көптен бері толғандырып келеді. Бұл жөнінде аудан әкімі тиісті жобаларды іске асыру үшін қажетті қаржы қарастыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып, бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді. Сонымен қатар кенттің кәріз жүйесін жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты алдағы уақытта инженерлік желілерді жаңарту бойынша кезеңдік жұмыстар қолға алынатыны айтылды. Жиын барысында тұрғындар теміржол өткеліне көпір салу мәселесін де көтерді. Кент тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында бұл мәселе бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді. Аудан әкімі бұл ұсыныстың өзектілігін атап өтіп, жобаны жүзеге асыру үшін тиісті қаржы көздерін қарастыру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Кездесу барысында кентте атқарылып жатқан жұмыстар туралы да кең көлемде ақпарат берілді. Соңғы жылдары елді мекеннің инженерлік инфрақұрылымын дамыту, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бағытында жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Осы жұмыстардың маңызды бөлігі ретінде Жаңа Қаратон кентінде Мәдениет үйінің құрылысы басталғаны айтылды. Бұл нысан ауыл жастарының шығармашылық қабілетін дамытуға, түрлі үйірмелердің жұмысын ұйымдастыруға және тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін маңызды орталыққа айналады деп күтілуде. Кездесудің негізгі бөлігі тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарына арналды. Мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар мен жеке аулаларында ағаш, көкөніс өсіретін азаматтар жаз мезгілінде техникалық су тапшылығы айтарлықтай қиындық туғызатынын айтты. Жайылымдық жер мәселесі де жиын барысында кеңінен қозғалды. Мал басының артуына байланысты жайылым тапшылығы – тұрғындарды алаңдатып отырған негізгі мәселелердің бірі. Сонымен қатар балалар ойын алаңдарын көбейту, қоғамдық орындарды абаттандыру, көгалдандыру және демалыс аймақтарын кеңейту жөніндегі ұсыныстар да қолдау тапты. Тұрғындардың айтуынша, халық санының өсуіне байланысты мұндай орындарға деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Жол қауіпсіздігі мәселесі де тұрғындардың назарынан тыс қалған жоқ. Әсіресе жаңадан салынған көшелерде көлік қозғалысының қарқын алуы тұрғындарды алаңдатып отырғаны айтылды. Осыған байланысты жасанды жол кедергілерін орнату және тиісті жол белгілерін көбейту жөнінде ұсыныстар енгізілді. Жаңа Қаратон кентінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстың барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруға және елді мекеннің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жұмыстардың нәтижелі болуы тұрғындардың белсенділігіне, ашық пікір алмасуына және өзара түсіністікке де тікелей байланысты.

А.Ерденқызы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT