Халықтың медициналық көмекке қолжетімділігі артты

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) үнемі жетілдіріліп, медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған жаңа тетіктер енгізілуде.

Соның арқасында халықтың медициналық көмекке қолжетімділігі айтарлықтай артты.

Бүгінде Атырау облысында МӘМС жүйесінде 632 720 аса тұрғын қамтылған. Жүйенің маңызды нәтижелерінің бірі – жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімді болуы. Қазіргі таңда бұндай қызметті облыстағы 2 медициналық ұйым көрсетеді. Қаржыландырудың негізгі бөлігі кардиохирургия, нейрохирургия сияқты күрделі операцияларға бағытталуда.

«Нақтырақ айтатын болсақ, ағымадағы жылдың басынан бері Атырау облыстық кардиологиялық орталығында 190 жоғары технологиялық оталар орындалған. Олардың ішінде кардиохирургиялық оталар саны – 23 болса, ангиохирургиялық оталар – 97. Кардиологиялық оталар саны – 70. Жыл басынан бері МӘМС жүйесі шеңберінде кардиологиялық орталықта 3 151 ересек тұрғындарға стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмектер көрсетілген» - деп тоқталды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Айнұр Стамғалиева. 

 Осындай жоғары технологиялық медициналық көмектердің арқасында ми қан тамырларының ауыр аурулары, күрделі жүрек патологиялары және басқа да дерттер бойынша заманауи емдеу әдістері тұрғындарға бұрынғыдан әлдеқайда қолжетімді болды.

Тұрғындар ең көп пайдаланатын қызметтердің бірі – медициналық оңалту. Қазір Атырау облысында медициналық оңалту қызметін 23 медициналық ұйым көрсетеді. Биыл 142 мыңға жуық оңалту қызметі ұсынылды. Бұл қызметтер инсульт алған, ауыр жарақаттан кейін қалпына келіп жатқан, кардиохирургиялық оталардан өткен немесе созылмалы аурулары бар пациенттер үшін аса маңызды.

Қор медициналық қызметтердің шынайылығын растауға және қаржының тиімді жұмсалуын бақылауға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық құралдарды кезең-кезеңімен енгізуде.

«Жуырда іске қосылған Qalqan цифрлық сервисі – соның нақты мысалы. Енді пациент медициналық ұйымға барған кезде арнайы QR-кодты сканерлеу арқылы өзінің сол мекемеде болғанын және медициналық қызметтің нақты көрсетілгенін растай алады. Бұл – қоғамдық бақылаудың алғашқы цифрлық тетіктерінің бірі» - дейді Қор филиалы директорының орынбасары А. Стамғали

ева. 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT