Халықпен ашық диалог

«Ауыл» партиясының Атырау облысы бойынша өкілдері өңірлік жұмыс сапары аясында ауданға қарасты Шоқпартоғай және Тұрғызба ауылдарында халықпен кездесу өткізді. Іссапардың басты мақсаты ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысу, олардың өзекті мәселелерін тыңдау және шешу жолдарын нақты қарастыру болды.

Кездесуге «Ауыл» партиясының облыстық филиал төрағасы Нұртас Жарылғасынұлы, облыстық мәслихат депутаты Қадырбек Тілегенұлы және аудан әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланұлы қатысты. Қара Арна ауылдық округінде бастау алған жиынды аудан әкімінің орынбасары жүргізіп, жергілікті халықпен ашық диалог орнатты.

Кездесуде тұрғындар ауылдың тыныс-тіршілігіне қатысты өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әсіресе, Жем өзенінен көктемгі су тасқыны кезінде келетін суды тиімді пайдалану мәселесі кеңінен талқыланды. Ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары үшін бұл судың маңызы зор екені айтылып, оны басқару және бағыттау тетіктерін жетілдіру қажеттігі көтерілді. Сонымен қатар көктемгі тасқын судың алдын алу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жақсарту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

 Жиын барысында «Ауыл» партиясының 2025 жылы атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары таныстырылды. Партияның негізгі бағыттары, ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған бастамалары және қол жеткізген жетістіктері жан-жақты баяндалды. Сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары, оның ішінде ауыл кәсіпкерлері мен шаруаларға арналған жеңілдетілген несие бағдарламалары туралы кеңінен ақпарат берілді. Облыстық мәслихат депутаты Қадырбек Тілегенұлы өз сөзінде мәслихат деңгейінде көтерілген мәселелер мен олардың шешілу барысына тоқталды. Ол ауыл тұрғындары тарапынан түскен ұсыныстардың ескерусіз қалмайтынын атап өтіп, нақты нәтижелерге қол жеткізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Кездесу соңында ауыл тұрғындары белсенділік танытып, түрлі сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын ашық жеткізді. Партия өкілдері әрбір сұраққа нақты жауап беріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жоспарын таныстырды. Жұмыс сапары одан әрі Тұрғызба ауылында жалғасып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Кездесу барысында «Ауыл» партиясының құрылымы, негізгі мақсат-міндеттері және ауылды дамытуға бағытталған жобалары таныстырылды. Тұрғызба ауылының тұрғындары да өздерін толғандырған бірқатар мәселелерді көтерді. Олардың қатарында инфрақұрылымды жақсарту, жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын қолдау және әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту мәселелері бар. Аталған сұрақтарға партия төрағасы Нұртас Жарылғасынұлы, депутат Қадырбек Тілегенұлы және аудан әкімінің орынбасары тарапынан жан-жақты жауаптар беріліп, нақты шаралар қолға алынатыны айтылды.

Нұртас Жарылғасынұлы өз сөзінде халықпен ашық диалогтың маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, тікелей жүздесу ауылдағы нақты жағдайды терең түсінуге және түйткілді мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді. 

А.Талапкер

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT