Жамбыл облыстық «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті ұжымымен маңызды кездесу өткізіп, Жаңа Конституция жобасындағы тарихи өзгерістерді кеңінен талқылады.
Кездесу барысында білім мен ғылым саласына қатысты нормаларға айрықша мән берілді. Жаңа Ата Заң жобасында білім беру қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы нақты күшейтіліп, олардың қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етілуі – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі ретінде айқындалуда. Бұл – ұстаз мәртебесін арттыруға, ғылымның еркін дамуына және болашақ ұрпаққа сапалы білім беруге жасалған нақты қадам.
Коалиция мүшелері Оралхан Дәуіт пен Айнұр Келімбетова Жаңа Конституция мәтінінің басты ерекшелігі – оның адам құқықтарына толық бағдарлануында екенін ерекше атап өтті. Ендігі жерде адам құқықтары мен бостандықтары тек Преамбулада ғана емес, бүкіл Конституцияның мазмұндық өзегі мен стратегиялық бағытына айналмақ. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы нық әрі батыл шешім!
Сонымен қатар, жаңа жоба елдің қалыптасқан мемлекеттілігін нығайтып, халықаралық беделін арттыруға бағытталған. Ең бастысы – адам капиталына, білімге, ғылым мен инновацияға басымдық берілген даму моделі нақты айқындалған. Бұл – болашаққа сенімді қадам, ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық таңдау!
Кездесу қорытындысында университет ұжымы Жаңа Конституция жобасындағы өзгерістерді толық қолдайтындарын білдіріп, ел болашағы үшін маңызды бастамаға өз үндерін қосты.




