Халық үні ескерусіз қалмайды

Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар өз ұсыныс-пікірлері мен өтініш-тілектерін жеке-жеке жеткізді. Тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй кезегі, жеке мал шаруашылығы, жер кезегі және жұмыссыздық мәселелерін көтерді. Қабылдауға келгендердің бірі – Жұмазия Әділханқызы.

 Ол ата-анасынан айырылған немересіне баспана сұрап келген. Қазіргі таңда немересі тұрғын үй кезегінде тіркеуде тұр. Айтуынша, немересі науқас. Сонымен қатар «Halyk Bank»-тегі оқуына деп ашылған депозиттегі қаражатты ала алмай отырғанын жеткізді. Ол бұл қаржыны немересінің еміне жұмсауды көздейді. Осы мәселелер бойынша әкімнің жеке қабылдауына келіпті. 

– Немеремді қамқорлығыма алғаныма бір ай болды. Оқуына деп депозитте жиналған қаражат бар. Алайда «Halyk Bank»-тегі қаражатты ала алмай жүрмін. Сол қаржыға немеремді емдеткім келеді. Үй кезегінде де тіркеуде тұр. Осы мәселелерді әкімге айтып, оң шешімін табуға көмектесуін сұрап келдім. Әкім бұл мәселені жеке бақылауына алып, заң аясында түсіндіріп берді. Алдағы уақытта оң шешімі болады деп үміттенемін,-дейді Жұмазия Әділханқызы.

 Аудан басшысы тұрғын үй кезегі бойынша бүгінгі таңда баспанамен қамту бағытында жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтіп, кезектілік тәртібіне сәйкес тұрғындардың баспанаға қол жеткізетінін түсіндірді. Сондай-ақ қабылдауға келген Мұрат Құттығаев жұмыссыздық мәселесін көтерді. Ол биыл ақпан айында жұмыссыз ретінде тіркелген. Алайда әзірге нақты жауап алмаған.

– Қазіргі таңда жұмыссызбын. 16 ақпанда «CCIC» компаниясына «рабочий склад» мамандығы бойынша түйіндемемді тапсырдым. Алайда түйіндемем талаптарға сәйкес келмеді деген жауап алдым. Наурыздың 16-сы күні «CCIC» ЖШС-не жүк ілгіштер мен алаң шебері мамандығына қайтадан түйіндемем жолданыпты, қазір жауап күтілуде екен. Мәселем оң шешімін табады деп сенемін,-дейді ол.

Аудан басшысы жұмыссыздық мәселесі бойынша мамандықтарға сәйкес сұраныс болған жағдайда азаматтардың бос жұмыс орындарына кезекпен жіберілетінін түсіндірді. Сонымен қатар кейбір тұрғындарға қоғамдық жұмыстар арқылы еңбек ету мүмкіндігі қарастырылғанын жеткізді. Өз кезегінде аудан әкімі тұрғындардың арыз-шағымдары бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Алдағы уақытта келіп түскен өтініштерді жеке бақылауына алатынын айтты. 

А.Мейрамбайқызы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT